«Ауыл – Ел бесігі»: ауыз су тапшы, мектеп жөнделмей, жалғыз күре жол салынбай қалуына не себеп?
Келесі жылы аталған бағдарламаға бюджеттен 570 ауылды жаңғыртуға тек 62 млрд теңге қаржы қарастырылған
Биыл «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 480 ауылды жаңғыртуға 135 млрд теңге бөлініп, 1 140 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Бірақ 135 млрд теңгенің 106 млрд-ы немесе 78%-і бөлінген деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жергілікті әкімшіліктердің айтуынша, қаражаттың толық аударылмауына, өңірлердің уақтылы өтінім бермеуі себеп болып отыр.
Келесі жылы аталған бағдарламаға бюджеттен 570 ауылды жаңғыртуға тек 62 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұл жоспарланғаннан екі есе аз.
«Мұндай ресурстармен 2021 жылғы тапшылықты өтеу түгілі, 2022 жылдың межелерін жартылай орындау да мүмкін емес, 2023-2024 жылдарға болжамды көрсеткіштердің орнына, тіпті оған шамалас цифрларды да қарастырмаған. Қаржы министрлігінің пікірінше, 2022 жылға 500-ден аса жоба заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған, ал 2023-2024 жылдарға Ұлттық экономика министрлігі өңірлерге жіктемей, жалпы сомамен шектелген. Оны, осы министрліктің тұжырымдауынша, сапалы жобалар болғанымен, өңірлерге бекітілген арнайы лимит бар», ˗ дейді Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев.
Қаржы министрлі мен Ұлттық экономика министрлігі жобаларды әзірлеу және жоспарлау кезінде өңірлер дұрыс жұмыс істемей отыр. Бұл жағдайға кімнің кінәлі екенін айқындау өте күрделі. Бірақ, осындай салааралық келісімдердің жетіспеуі ауылдық аймақтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізіп, нәтижесінде, ауылдағы үйлерге су кірмей, мектеп жөнделмей, жалғыз күре жол салынбай қалуына әкеп соғады.
«Биыл ауыл үшін ауырлау болған – қуаңшылық, жаппай мал шығыны, мал азығының жетіспеушілігі сияқты әлеуметтік ахуалды ескеріп, қазіргі уақытта ауылды қолдау – мемлекеттің негізгі міндеті болуы ләзім», ˗ дейді депутат.
Айта кетерлігі, бүгінде еліміздегі жалпы тұрғындардың 41%-ы немесе 7 млн адам ауылдық жерде тұрады.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы