Алматыда «Жасыл қала» науқаны басталды
Тұрғындарға ағаштың алты түрі тегін таратылады

Алматыда «Жасыл қала» науқаны басталды. Жасыл экономика басқармасының ұйымдастыруымен тұрғындарға тегін көшет таратылады. «Жасыл қала» жобасы аясында жұрт қалағанынша көшеттерді тегін алала алады. Тек ағаштарды отырғызатын орындарын көрсету керек. Қаланы көгалдандыруға ниетті әрбір алматылыққа шаған, үйеңкі, шегіршін, терек, қараған мен қайыңның көшеттері тегін беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Науқан қатысушылары отырғызылған ағаштарды алдағы екі жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қоятындығын ескерген жөн. Қатысу үшін zeleniy_dvor_almaty@mail.ru электронды поштасына қатысушы аты-жөні мен телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайын, ағаш отырғызылатын орынның фотосы мен сұраған көшеттердің түрі мен санын жолдау керек. Өтініштер 18-31 қазан аралығында қабылданады», - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тұрғындар көшеттерді аудандық әкімдіктерің аппараттары орналасқан жерлерден алып кете алады. Ағаш отырғызу жұмыстары 1-15 қараша аралығында жүргізіледі. Қаланың «Алматыбасжоспар» ҒЗИ» ЖШС әзірлеген Алматы қаласын 2030-жылға дейін көгалдандыру стратегиясына сәйкес барлық сегіз аудан қамтылды. Жыл соңына дейін 350 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланса, оның 60 мыңнан астамы көктемде отырғызылды. Күз мезгілінде 285 мыңнан астам көшет егу жоспарланған.