Шымкентте 10 жылдан бері бала сүйе алмай жүрген келіншек үшем босанды
Дүниеге екі қыз, бір ұл бала келді
Шымкентте 10 жылдан бері бала сүйе алмай жүрген келіншек үшем босанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қала тұрғыны Мелдешова Жанна жүктіліктің 34-аптасында Айым, Рахат және Аяла есімді сәбилерді дүниеге әкелді. Шақалақтар 28 шілде күні туған. Анасы мен балалардың қазіргі денсаулығы жақсы.
Үшемнің анасы тұңғышын 2010 жылы туған. Сол уақыттан бері денсаулығы сыр беріп, жүкті болуды ұзақ жылдар бойы жоспарлап жүріпті. Осылайша ерлі-зайыптылардың он жылдан бергі бала сүйсек деген арманы орындалып, бірден үш перзентті өмірге әкелді.
Дүниеге екі қыз, бір ұл бала келді. Барлығының да салмағы екі келіден асады дейді мамандар.
Үшемдерге перинаталдық орталықтың неонатологтары ерекше күтім жасады. Білікті медицина мамандарының қарауында болған шақалақтардың бір апта ішінде денсаулықтары оңалып, анасымен бірге үйіне шығарылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 19 797 сәби дүние есігін ашқан. Олардың 135-і егіз болса, төртеуі үшем.