$ 524.65  552.19  5.14
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.07.2021, 18:17
Кейіпкер

Петропавлдық полицей суға батып бара жатқан адамдарды құтқарып қалды

Олардың бірі 16 жастағы қыз болса, екіншісі 40-тағы ер адам

Петропавлдық полицей суға батып бара жатқан адамдарды құтқарып қалды

Петропавлдық полицей Мейірман Төлебаев өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді өлімнен арашалап қалды. Ол Есіл өзеніне батып бара жатқан екі адамды құтқарып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ӨЗ ӘРЕКЕТІН ЕРЛІК ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙДІ

Мейірман Төлебаев өз ісін ерлік деп есептемейді. Екі адамның өмірін құтқарып қалып, оларға барынша көмек көрсетіп, өз жөнімен кете берген. Болған жағдайдан әріптестері де, облыстық Полиция департаментінің басшылығы да бейхабар болған. Оның жасаған игілігі жайында ведомствоға келген хаттан кейін ғана белгілі болады. Тәртіп сақшысы құтқарып қалған адамдардың туыстары ұжымға алғыс жолдаған.

Мамыр айының соңында Бірінші полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Мейірман Төлебаев жұмыстан бос уақытта Есіл өзеніне жақын маңда жүрген. Адамдардың айқайын естіген аға сержант бірден көмекке асығады. Жағадан шамамен 20 метр жерде екі адамның суға батып бара жатқанын байқайды. Ол алдымен өзеннен жас қызды алып шыққан, кейін ес-түссіз ер адамды жағаға жеткізген. Мейірман суды көп жұтып қойған екінші адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрегіне массаж жасаған. Осындай жаттығулардан кейін ғана суға тұншыққан ер кісі есін жия алмаса да, жүрегі соғып, тыныс ала бастаған.

«Менің ұлым суда әбден тұншыққаннан дем ала алмай қалған. Ауруханаға апарғанда жағдайы өте ауыр болды. Жансақтау бөлімінде жатып, айығып шықты. Полиция қызметкері келмегенде мұның бәрі орны толмас өкінішке әкелер еді. Оны ойлаудың өзі қиын. Екі қызы бар. Ол менің баламды, екі немеремнің әкесін аман алып қалды. Нағыз азамат! Қандай марапатқа болса да лайық деп ойлаймын. Біреуді құтқармақ болғанда өзі де батып кетуі мүмкін еді. Судағы адам түгіл, далада құлап қалған кісіге қол ұшын бермей, айналып өтетіндер бар. Осындай адамдар көбірек болса, әлем де жақсара түсер еді», - дейді зардап шеккен қала тұрғынының анасы Галина Қарымсақова.

«ОЙЛАНУҒА УАҚЫТ БОЛҒАН ЖОҚ...»

Жапа шегуші 10 күннен артық жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлер де қолдан келген көмекті аямады. Ол жазылып, отбасының ортасына оралды.

Кейін белгілі болғандай, жағаға демалуға келген 40 жастағы ер адам 16 жастағы қызды құтқармақ болған сәтте өзі суға батып кете жаздаған. Жағадағы басқа адамдар Мейірманды көмекке шақырған.

«Суы терең, биік жар, лайлы жер екен. Аяқпен тіреле алмайсың. Сырғи бердім. Шынын айтсам, суға батып бара жатқан адамдарды көргенде ойлануға да мұрша болған жоқ. Бірден оларды құтқаруға асықтым. Қыз өзін судан алып шықпақ болған ер адамды басып, батыра берген. Әдетте суда мұндай жағдай жиі болады. Батып бара жатқан адам өзін басқара алмай қалады. Өзіме қауіп төніп тұрса да, қарап тұра алмадым. Мұндай сәтте әр секундтың аса қымбат екенін сезінеді екенсің. Бәрін жылдам жасау керек болды. Екеуі де суда жанталасып, әбден әлсіреп қалған. Әсіресе ер адам. Тыныс алмай жатты. Алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Бұл жайында ешкімге айтпағаным, ерлік жасадым деп есептемеймін. Полицей кез келген уақытта өзгелерге қол ұшын беруге әзір болуы тиіс. Туған-туыстарым бұл жағдайды білгенде үрейленгені рас. Мен тек қызметтік борышымды орынададым», - дейді Мейірман Төлебаев.

Мейірман Төлебаев Петропавл қалалық Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі, полиция аға сержанты. ҚР ІІМ Академиясының түлегі. Оқу орнында алған білімін тәжірибеде ұтымды пайдалана білді.

«Мейірман – өте қарапайым, мақтануды жақсы көрмейтін жігіт. Суға бата жаздаған адамдарды құтқарғаны жайында біз білмедік. Галина Қарымсақова хат жазбаса, солай жүре берер едік деп ойлаймын. Ол кісі баласы жазылғаннан кейін Полиция департаментіне хат жолдапты. Оны оқып бәріміз таңырқап қалдық. Сұрастыра келсек, Мейірман ерлік жасапты», - дейді әріптесі Нұрбек Баекин.

Өз ісіне адал әрі білікті маманды башылық та жоғары бағалайды. Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Тілеген Әлжанов Мейірман Төлебаев болашағынан үміт күттіретін қызметкерлердің бірі екенін тілге тиек етті.

«Өз ісіне жауапты. Мейірманға тапсырма бергенде оның өз деңгейінде орындалатынына сенімді боламыз. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор бола біледі.  Жақсы қасиеттерінің арқасында ұжымда сыйлы. Ешқашан жалған сөйлегенін байқамаппын. Оны өзге жастарға үлгі етемін. Жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетімен бірге, физикалық дайындығын да атап өтуге болады. Сын айтсаң да дұрыс қабылдап,  олқылықты жоюға бар күшін салады. Жұмыс істегенде уақытпен санаспайды», - дейді ол. 

Мейірман Төлебаевтың кішкентай баласы бар. Оның арманы перзенті мақтан тұтатындай үлгілі, жақсы әке болу. Жас маман ішкі істер органдарында 5 жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келеді. Өзін кәсіби тұрғыда дамытуда аянып қалмайды. 24 жастағы полицейдің батыл әрекеті әріптестері үшін нағыз үлгіге айналды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #полиция