Отанға қызмет ету әр азаматтың міндеті – волонтер
Елімізде былтыр «Волонтер жылы» деп жарияланды

Қызылжарлық Асылжан Бегалинова еліміздегі үздік волонтерлардың ондығына енді. Озат мектеп оқушысы қоғамдық қызметті де қатар алып жүреді. Әсіресе коронавирус пандемиясы басталған сәтте көмекке мұқтаждарға қол ұшын беріп, белсенділік танытып жүр. «Елбасы медалі» жобасының жеңімпазымен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
Асылжан Бегалинова Ресейде өткен әлеуметтік жобалар сайысында 1-орын, Францияда 2-орын иеленген. Мектепішілік TEDx жобасының үйлестірушісі. Қазақстан халқы ассамблеясы өткізген «Өз еліңді таны» этнографиялық зерттеулер байқауында 1-орын алды. «Самұрық-2020» форумының қорытындысы бойынша білім беру саласындағы үздік волонтер атанды. СҚО Еріктілер лигасының жоба менеджері қызметін атқарған. Ол бір мезгілде бірнеше жобаны қатар алып жүре алады. Еліміздің өркендеуіне үлес қосу – әр адамның азаматтық борышы санайтын бойжеткен өз табысының кілтін өзгелерге көмектесуге деген құштарлық сезіммен түсіндірді.
«Еріктілік қызметтің түрлі бағытында жұмыс істеп көрдім. Қарияларға гуманитарлық, психологиялық қолдау көрсеттім. Зияткерлік мектепте жүзеге асырылатын «Қоғамға қызмет» жобасы аясында қарттар үйіне бардық. Оларды балалары тастап кеткен немесе мүлде перзенті жоқ. Жаны жүдеу ата-әжелерге демеу керек-ақ. Қарияларға біз қол ұшын беру арқылы олардан да көмек алдық. Олардың өмірге деген құлшынысы бізге үлкен сабақ болды. Жалғыз қалғандарына қарамастан уақытты пайдалы өткізіп, бойындағы құндылықтарды дамытуға күш салады. Өте қиын жағдайда болса да, бізге қаншама тәлім берді. Балалары тастап кеткен ата-аналармен қатар мені табиған анамыздың жағдайы қатты толғандырады. Ерікті ретінде мен талай экологиялық акцияларға атсалысып, айналаның таза болуына аз да болса үлесімді қостым. Еріктілік қызмет – әлемнің жақсара түсуіне бағытталған. Сондықтан да бұл іс маған қатты ұнайды», - дейді Асылжан.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Асылжан Бегалинова Қазақстанның барлық өңірінен іріктеліп алынған «Елбасы медалі» жобасының үздік 10 қатысушысының біріне айналды. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның қатысуымен «Елбасы медалінің амбассадорлары» мерекелік іс-шараларына қатысты.
«Маған кездесу өте ұнады. Модератор болдым. Дариға Нұрсұлтанқызы – өте ашық, шынайы, жан-жақты адам. Ол біздің қызметіміз туралы мұқият сұрады, мәселелерге қызығушылық танытты. Мен жобаға қатысу тәжірибеммен бөлістім, оның маған және менің өміріме қалай әсер еткенін айттым. Волонтерлік қызметке қатысу және оны ұйымдастыру менің коммуникативтік, шешендік дағдыларымды жақсартты. Жобаның арқасында мен Қазақстан халқы ассамблеясының конкурсында жеңіске жеттім, Елбасы медалін алдым. Сондай-ақ мен Қазақстан халқы ассамблеясының еріктісімін. Қазір мен TEDх мектеп жобасының үйлестірушісімін және волонтерлік қызметпен айналысуды жалғастырамын. Бұл жобалар дамуға және үйренуге көп көмектеседі. Мұнда біз балалармен достастық, олардың барлығы өте белсенді және ашық. Болашақтың жарқын болатынына сенеді», - дейді ол.
«ЕЛБАСЫ МЕДАЛІ» ЖОБАСЫНА 20 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ
«Елбасы медалі» жобасына 2 жыл ішінде 21 мыңға жуық жас қатысты. Үздік шыққандар деңгейіне қарай алтын, күміс немесе қола медальге ие болады. Асылжанға соның үшіншісі бұйырды. Дарынды шәкірттің бастамасын ұстаздар қауымы да қолдайды.
«Волонтер» шет елден келген термин. Өте ауқымы ұғым. Батыста аталған қозғалыс қарқынды дамыған. Бірақ бұл үрдіс қазақ даласында да ежелден болғанын атап өткім келеді. Ертеректе ата-бабаларымыз бір-біріне көмектесіп, оны «асар» деп атағаны баршамызға аян. Бірнеше адамның шамасы келмейтін шаруаны ел болып атқарған. Қазақ қиын қыстау кезеңде бір-біріне қол ұшын созып, ол үшін өзгелерден ештеңе талап етпейді. Бұл әрекет «волонтер» атауымен тікелей үндес деуге болады. Сондықтан бұл бізге жаңадан келген ұғым емес. Коронавирус пандемиясының кесірінен әлемде қалыптасып отырған жағдайда еріктілер көпшілікке үлкен қолғабыс жасап жатыр. СОның бірі Аяжан Бегалинова. Көмекке мұқтаж адамдарға аянбай қол ұшын беріп жатқанының куәсі болып, сол жұмыстарға өзім де атсалысып жүрмін. Біреуге риясыз көмектесу, сол үшін жауап күтпеу, ештеңе талап етпеу – адам бойындағы керемет қасиеттерің бірі. Қоғамымызда сондай жандар көбірек болса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді «Birgemiz Taza Alem» және «Birgemiz Asyl Mura» жалпыұлттық жобаларының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша үйлестірушісі Бахытжан Тұрсынов.
Асылжан бастауыш сыныпта оқығаннан-ақ облыстық, республикалық, халықаралық білім байқауларына қатысып жүр. Оның мақсаты еліміздегі еріктілер қызметті дамыту. Бойжеткен болашақта халықаралық қатынастар саласында еңбек етіп, елге қызмет жасауды армандайды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп бекітіп, осы жылы елімізде еріктілердің қатысуымен көптеген шара өткен болатын. Сондай-ақ, олар пандемия басталған уақытта қиындыққа тап болған мыңдаған отбасыға азық-түлік тасумен айналысты.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО