$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.07.2021, 12:40
Кейіпкер

777 шақырым: Қарағандыдан Ұлытауға жаяу шыққан Асхат Қажытай сапары жайында айтып берді

Қарағандылық тұрғын бір жылдан бері қазақстанды жаяу аралап жүр

777 шақырым: Қарағандыдан Ұлытауға жаяу шыққан Асхат Қажытай сапары жайында айтып берді

Әлеуметтік желіде көпшілік Асхат есімді жігіттің ерекше жобасы жайында жарыса жазуда. 33 жастағы азамат бір сөмкесін иығына асып, жалғыз өзі жаяу сапар шегеді. Былтыр ол «Қазақстанды жаяу аралау» жобасын бастап, Қарағандыдан 333 шақырым жерде орналасқан Қызыларай жеріне барып, Ақсораң шыңын бағындырған. Жобаның басты ерекшелігі - қажетті құрал-жабдықсыз, ас-ауқатсыз жолға шығып, ауыл тұрғындарымен кездесу, олардың тұрмыс-тіршілігінен үзінді көрсету.  

Azattyq Rýhy тілшісі әңгімелескен Асхат Қажытай Ұлытауға сапарының басталып кеткенін айтып, жол үстінде сұхбат берді. Ол жобаның негізгі мақсатын, жол бойындағы қиындықтар мен ауыл-аймақтардағы күрделі мәселелер жайында әңгімеледі.

Асхат жаяу сапар жобасының қалай басталғанын айтып, жобаны жасаудағы басты мақсатын жеткізді.

«Өзім Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданында - Сарыарқаның ең биік нүктесі (1565 метр) Ақсораң деген жерде дүниеге келгенмін. Бала кезімнен тауға ғашықпын. Тауға шыққанды жақсы көремін. Қазақстанды жаяу аралауды бұрыннан армандайтынмын. Студент кезден дайындық жасап, бір қаладан бір қалаға жаяу барып жүрдім. Бірақ, сапарымды әлеуметтік желіге салмайтынмын. Ол уақытта интернет деген түсінік қалыптаса қоймаған. Былтыр жаяу сапарымды интернетте жариялап, еліміздің ауыл-аймағын, тұрмыс-тіршілігін халыққа неге насихаттамасқа деген ой келді. Осылайша, алғашқы онлайн сапарды өзімнің туған жерім Қарағандыдан 333 шақырымдағы Қызыларай деген жерден бастадым. Қызыларайға барып, Ақсораң шыңына шықтым.

Дәл қазір жол үстіндемін. Ұлытау бағытына (777 шақырым) жаяу жолға шықтым. Бұл жерде Ақмешіт деген шың бар. Мақсатым - сол шыңға шығу. Сапарды 12 күнге жоспарлап отырмын», - дейді Асхат.

Кейіпкеріміздің жобасы этнотуризім мен экотуризімді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар Асхат жол бойында түрлі челлендждер ұйымдастырып, қайырымдылық іс-шара ұйымдастырады.

«Сапар кезінде көп уақытым түсірілімге кетеді. Ұялы телефонмен жолдағы ауылдарға соғып, ауылдың кешесі мен бүгіні, тарихы жайында ауыл ақсақалдарымен әңгіме-дүкен құрамын. Кейін оны таспалау арқылы көпшілікке көрсетемін. Басты мақсат - этнотуризм, экотуризмді дамыту. Тарихи жерлерді халыққа насихаттау.

Бұл сапардағы тағы бір мақсат - ауыл адамдарының портретін ашу. Жолда түрлі челлендж ұйымдастырамын. Қазір «Қайырымды 777 км» деген акция өткізіп жатырмын. Басында өз қалтамнан ақша шығардым. Қазір достарым, таныстарым, кейбір оқырмандарым жүз теңге, мың теңге болсын салып жатыр. Бұдан түскен қаржы Ұлытау ауылдарындағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларға жұмсалады. Бұл акцияның тағы бір пайдалы жағы - жиналған қаржыға балалардың керек-жарағын ауылдағы шағын кәсіпкерлерден аламыз. Бір жағынан балаларға көмек берсек, екінші жағынан кәсіпкерлердің жұмысына серпіліс, пайда әкеледі.

Ауылда ауыз-су, интернет мәселесі қиын. Ауыл мектептерінде балалардың азаюы, 11 сыныптық мектептердің 9 сыныпқа қысқаруы сияқты мәселелерді көтеріп, шығаруға тырысамын», - дейді ол.

Ұлытауға сапарынан кейін Асхат Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарына баруды жоспарлап қойған. Оның Түркістан, Қызылорда қалаларының мәдениетімен танысқысы келеді.

«Алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірін жаяу аралаймын деп отырмын. Бұл жобаны аяқталған соң әлемді аралығым келеді. Күзде Еуропаға жол жүремін. Әзірге, басты жоспардағы жерлер - Түркия мен Франция.

Жолға жалғыз шығамын. Жобаның ерекшелігі де сол. Қолыма су да алмаймын. Шөлдесем жолда өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатамын. Аллаға шүкір, сапарым сәтті өтіп жатыр. Жолға шықпас бұрын сапар шеккелі жатқан жердің географиялық аумағын міндетті түрлде зерттеп шығамын. Бұл жақта кемінде 50 шақырым сайын ауыл орналасқан. Кеш түскенше соған жетіп алуға тырысамын. Өйткені Сарыарқаның желі қатты болғандықтан, түнде далада қона алмайсың. Жолда көп адамдар тоқтап, жағдайымды сұрап, су, жеміс-жидек, қолында барын беріп кетіп жатады», - дейді «жаяу» Асхат.

Ол жол бойында кездесетін басты қиындықтарды айтты.  

«Жол жүру кезінде көптеген кедергілер болады. Шөлдейсің, аяғың ауырады, шаршау болады. Ауа райы бұзылып, жаңбыр, бұршақ жауған сәттер де болды. Алғашқы сапарымнан есіме түскенін айтайын. Аспандағы бір бұлт 4-5 сағат бойы соңымнан қалмай келе жатқанына куә болдым. Құдды бір серігімдей, бұрылған жағыма қарай ізімді қуалап отырды. Сол сәтте табиғатпен жақын байланысқа түскендей ерекше сезімде болдым. Жолға өзіммен бірге міндетті түрде 7,8 келі шығатын сөмкемді алып шығамын. Ішінде артық спорт аяқкиімі болады. Жолға шығар алдында үш өлшемді аяқкиім аламын. Мысалы, өзімнің өлшемім 41 болса, барғанша ол 43-ке дейін өседі. Сондықтан артығымен алып шығамын. Ауыстыратын киім және қорғаныш үшін қанжарым бар. Сол сөмкенің өзі жүрген сайын ауырлай береді.

Әр күні әртүрлі шақырым жүремін. Бір күні 75 км жүрсем, келесі күні 55 км, 60 км, одан кейін 40 шақырым жүруім мүмкін. Бәрі жағдайыма байланысты. Оның үстіне, жолдың қыр-ойпаты бар. Ол көліктегі адамға білінбегенмен, жаяуды шаршатады. Сапар басталғалы 7-8 қыр кездесті», - дейді Асхат.

Ол ауыл тұрғындарының ерекше қонақжайлығына тәнті екенін айтты. Барын беріп, күтіп жатқан қарапайым тұрғындарға алғыс айтты.

«Жобаны бастаған сәттен бастап, достарым, оқырмандарым қолдау көрсетіп, жылы лебізін білдіріп келеді. Жолда ұйымдастырған акцияларға белсенді атсалысып келеді. Ауылдың қонақжайлығы сол қалпында сақталған. Қазақ қонағын құдайындай сыйлайтын халық. Әсіресе, жолаушыға деген құрмет ғажап. Сапарды бастағалы сол дәстүрдің әлі де өшпегеніне көзім жетті. Ет асып, қымыз құйып сыйлап жатқан әрбір ауыл тұрғынына алғысым шексіз», - деді Асхат Қажытай

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары