Бүгін, 17:29
Қоғам

БЖЗҚ зейнетақы төлемдеріне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

Зейнет жасы ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 61 жас

БЖЗҚ зейнетақы төлемдеріне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтарға зейнетақы төлемдеріне байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қордың мәліметінше, міндетті немесе кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жинақтары бар, зейнет жасына жеткен азаматтар белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Бұл құқық мүгедектігі мерзімсіз белгіленген I және II топтағы азаматтарға да беріледі.

2026 жылы зейнет жасы ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 61 жас.

«Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша ХҚКО-ға алдын ала жүгінуге болады. Құжаттар мен өтінішті зейнет жасына толуға 10 күн қалғанда тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар зейнет жасына толуына 2 ай қалғанда eGov-тағы мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірге 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Егер азамат зейнет жасына жетіп, БЖЗҚ-дағы жинақтарын алу үшін өтініш бермесе, БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, қажетті тексеру жүргізеді. Талаптар орындалған жағдайда төлем өтініш бермей-ақ, автоматты түрде тағайындалады», – делінген хабарламада.

2026 жылғы наурыздан бастап бұл тәртіп ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) арқылы жиналған қаражатқа да қатысты болады.

«ЕЗЖ бойынша жинақталған ақшаны 50 жасқа толғаннан кейін немесе мүгедектік белгіленген жағдайда алуға болады. Ол үшін БЖЗҚ-ға жүгіну қажет. Қызметті БЖЗҚ бөлімшелерінен алуға немесе ЭЦҚ арқылы жеке кабинет пен мобильді қосымша арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Қажетті құжаттардың тізімі мен оларды алдын ала тексеру мүмкіндігі БЖЗҚ сайтындағы «Электрондық сервистер» бөлімінде қолжетімді», – деп жазады аталмыш қор.