Қазақстанда автонесиеге сұраныс күрт азайды: сарапшылар басты себептерін тізбектеп шықты
Қазақстанда автонесиеге сұраныс 9 пайызға азайды
Елімізде автокөлік сатып алу үшін несие рәсімдеуге қызығушылық бәсеңдеді. Биыл алғашқы жартыжылда автонесиеге берілген өтінімдер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға азайып, мақұлданған өтінімдердің үлесі 17,6%-дан 16,8%-ға дейін түсті. Бұған несиенің қымбаттауы, банктердің талаптарды күшейтуі және нарықтың біртіндеп қанығуы әсер еткен. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының зерттеуінде жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарапшылар сұраныстың азаюын бірнеше фактормен байланыстырып отыр:
- бірнеше жыл қарқынды өскеннен кейін нарықтың толуы;
- ақша-несие талаптарының қатаңдауы және несиенің қымбаттауы;
- банктердің несие беру саясатын неғұрлым сақтықпен жүргізуі;
- автодилерлердің акциялар мен маркетингтік бағдарламалардың ауқымын қысқартуы.
Айта кетерлігі, ең үлкен өзгеріс автонесиенің пайыздық мөлшерлемесінен байқалды. Бір жыл ішінде автонесиенің орташа мөлшерлемесі 18,8%-дан 24,4%-ға дейін өскен. Бұл, бір жағынан, банктер үшін қаржы тартудың қымбаттауымен байланысты. Екінші жағынан, автодилерлердің жеңілдетілген бағдарламалары аяқталғаннан кейін нарықтағы жағдайдың өзгеруі де әсер етуі мүмкін.
«Осыған дейін табысы жоғары клиенттердің бір бөлігі көлікті дилерлер ұсынған жеңілдікті, яғни пайызын субсидиялаған бағдарламалар арқылы сатып алған болуы мүмкін. Қазір автонесиеге сұраныс негізінен көлікті банктердің стандартты шарттарымен несиеге алатын клиенттер тарапынан қалыптасып отыр. Осының нәтижесінде мақұлданған өтінімдер саны 13%-ға азайып, 449,7 мыңды құрады. Мақұлдау үлесі 17,6%-дан 16,8%-ға төмендеді. Ал жаңа автонесиелердің жалпы көлемі 24%-ға қысқарып, жарты жыл ішінде 886,6 млрд теңге болды», – делінген материалда.
Қазақстандықтар рәсімдейтін автонесиенің орташа сомасы да азайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,8 млн теңге болса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 6,6 млн теңгені құрады. Сонымен қатар несие бойынша ай сайынғы төлемнің жалақыдағы орташа үлесі 31,8%-дан 30,6%-ға азайды.
Сонымен қатар сарапшылар жылдың екінші жартысында автонесие нарығындағы жағдай жақсаруы мүмкін деп отыр. Бұған бірнеше фактор әсер етуі ықтимал. Атап айтқанда, автодилерлер жеңілдетілген несие бағдарламаларын қайта іске қосып, несие пайызының бір бөлігін субсидиялауы мүмкін. Клиенттер санының өсуі де сұранысты арттырады. Бірінші жартыжылдықта автонесие алушылардың саны 66 мың адамға көбейген.
Бұдан бөлек, Қазақстанда көлік өндірісінің артуы нарыққа оң әсер етуі мүмкін. Егер ақша-несие саясаты жұмсарса, банктердің несие беруге жұмсайтын қаражаты арзандап, қарыз алудың құны да төмендеуі ықтимал.