«Алаңдамаңыздар!»: Абай облысының әкімдігі «біртүрлі сигналдың» себебін түсіндірді
Әкімдік сигнал жүйесін сынақтан өткізген екен
Бүгін Абай облысының тұрғындарына түсініксіз хабарландыру келді. Ұялы телефондарына «дабыл сигналы» түрінде келген ескертуді көп адам түсінбей, сұрақ туындаған. Әкімдік дүрлігудің еш себебі жоғын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бүгін сағат 15:00 шамасында облыс тұрғындарына бір уақытта хабарландыру келген. Хабарландырудың нақты мақсатын түсінбеген тұрғындар мәтінді желіге жүктеп, бір-біріне тарата бастаған.
«Құрметті Абай облысының тұрғындары мен қонақтары! Алаңдамаңыздар! Хабарлау жүйесін тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ешқандай әрекет қажет емес», - деп жазылған еді сигнал мәтінінде.
Абай облысының әкімдігі бұл хабарландыру «Cell Broadcast» технологиясы арқылы жұмыс істейтін «Mass Alert» жедел хабарлау жүйесі екенін мәлімдеді. Әкімдік болашақта дабылды ескерту жіберу үшін осы сигналды сынақтан өткізіп жатыр.
«Үрейге бой алдырмай, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», - деді әкімдіктің баспасөз өкілі бізге пікір білдіре отырып.