«Жәрдемақыға телмірмей, кәсіп үйренгім келеді»: «Әділет» партиясы ерекше адамдарға арналған жоба бастады

Жыл соңына дейін 150 адамды қамту жоспарланып отыр

«Жәрдемақыға телмірмей, кәсіп үйренгім келеді»: «Әділет» партиясы ерекше адамдарға арналған жоба бастады
Фото: adilet-partiyasy.kz

Ерекше бала тәрбиелеп отырған көп ананың өмірі үй мен аурухананың ортасында өтіп жататыны жасырын емес. Мұндайда олардың бұрынғы алған дипломы да, кәсіби тәжірибесі де екінші орынға ысырылады. Астанада іске қосылған «Әділет» партиясының «Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» атты инклюзивті жобасы әйелдерге осы тығырықтан шығуға көмектеседі. Жобаның арқасындаі нәзік жандылар кәсіп үйреніп, өз еңбегімен табыс табуды меңгереді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Алғашқы кезеңде жобаға қатысушылар визажист, шаштараз және маникюр шебері мамандықтарын оқиды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа кәсіпті меңгерумен қатар, оны кейін табысқа айналдыра білу де маңызды. Сондықтан бағдарламаға қаржылық сауаттылық пен SMM сабақтары да енген. Әйелдер әлеуметтік желінің қыр-сырын, өз қызметін таныстыруды және табысын жоспарлауды үйренеді. Жобаны «Әділет» партиясының Есіл аудандық филиалы қолға алып отыр. Жыл соңына дейін пилоттық режимде 150 адамды оқыту жоспарланған. Болашақта бұл модель оң нәтиже берсе, оны еліміздің басқа өңірлеріне де енгізу көзделіп отыр.

Жобаның ашылу салтанатына қатысқан Құрылтай депутаты, белгілі параспортшы Айсұлу Сүлейменованың айтуынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тек мемлекеттік жәрдемақы беріп қою аздық етеді. Адамның қоғамда өз орнын табуы үшін оған білім алып, өз нәпақасын өзі айыруға мүмкіндік беру әлдеқайда маңызды.

Жоба қатысушыларының әрқайсысының көтеріп жүрген жүгі ауыр. Олардың кейбірінің мүмкінгі шектеулі болса, кейбірі ерекше балаларды тәрбиелеп отыр. Солардың бірі – елорда тұрғыны Нұркөз Ысқақова.

Нұркөз – жоғары білімді маман. Негізгі мамандығы – агрохимия, кейін биология бойынша магистратураны аяқтаған. Алғашқы кезде мектепте химия пәнінен сабақ беріп, кәсіби жолын сәтті бастаған еді. Бірақ ұлының денсаулығы сыр беріп, мұғалімдік қызметті амалсыз тастауға тура келді. Қазір Нұркөздің тоғыз жастағы ұлы І топ мүгедегі. Отбасындағы үш баланың екіншісі – ерекше бала. Сондықтан соңғы тоғыз жыл бойы Нұркөздің барлық уақыты мен күш-жігері балаларының ем-домы мен күтіміне арналды.

«Мектепте химия мұғалімі болып бар-жоғы бір жарым жылдай ғана жұмыс істеп үлгердім. Балам ауырып, оған қарау қажет болған соң амалсыз жұмыстан кеттім. Білімім де, жұмыс істесем деген ниетім де болды, бірақ балалардың жағдайына қарадым», – дейді ол.

Бір қызығы, Нұркөз жоба туралы ғаламтордан немесе ресми дереккөздерден естімеген. Оған мейірімді адаммен кездесуі себеп болған екен: Нұркөз баласын шаш қидыру үшін үнемі бір салонға апаратын. Ол салонның иесі Гүлмира есімді ана да ерекше баланы бағып отыр. Сол себепті ол әр бейсенбі сайын ерекше балалардың шашын тегін қиып, қайырымдылық жасайды. Үйде отырған ананың ауыр жағдайын іштей түсінген Гүлмира ханым Нұркөзді «Әділет» партиясы аудандық филиалының басшысы Санира Жүсіповамен таныстырады.

«Гүлмираның өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, біздің жағдайымызды жақсы түсінеді. Сол кісі арқылы Санира Орынтайқызы біздің отбасымыз туралы біліп, қолдау білдіргісі келді. «Үйде отырып, қарайып қалмаңыздар, кәсіп үйреніп, табыс табыңыздар» деп осы жобаға шақырды», – дейді кейіпкеріміз.

Жоба аясында Нұркөз өзіне жақын визажист мамандығын таңдады. Қазір ол курстың алғашқы сабақтарына қатысып, макияж бен бояудың қыр-сырын үйрене бастады.

«Курсқа қатысып жатқаныма екі күн болды, сабақтар өте ұнап жатыр. Бет әрлеуді жақсылап үйренгім келеді. Осы істі меңгеріп алсам, үйдің қасындағы бір салонға жұмысқа орналасар едім. Маған ең маңыздысы – осы мамандықты кәсіби деңгейде меңгеріп, жұмыс істеу», – дейді кейіпкеріміз.

Ерекше баланы аяққа тұрғызу оңай емес, оған әрқашан қомақты қаражат керек. Оңалту курстары мен күнделікті ем-домның шығыны аз болмайды. Нұркөз де ең алдымен баласы үшін табысты болғысы келеді.

«Менің арманым өте қарапайым – өзім ақша тауып, біреуге телмірмей, қаржылай тәуелсіз болғым келеді. Баламның аяққа тұрып кеткенін қалаймын, ал оны емдетуге де қаражат керек. Балам ерекше болған соң, шығын аз емес. Өз еңбегіммен тапқан ақшамды балаларымның ем-домына жұмсасам деймін», – дейді Нұркөз Ысқақова.

Оқуын аяқтағандарға сертификат беріледі. Ұйымдастырушылар түлектердің жұмыс табуына немесе алғашқы тапсырыстарын алуына соңына дейін көмектеседі.

«Оқу қорытындысы бойынша әрбір қатысушыға сертификат табысталады. Олар меңгерген жаңа дағдыларын жұмысқа орналасу немесе өз бетінше табыс табу үшін пайдалана алады. Сондықтан жоба білім беру ісінен бастап, одан кейінгі сүйемелдеуге дейінгі кезеңдерді қамтиды», – деді «Әділет» партиясы аудандық филиалының басшысы Санира Жүсіпова.

Пилоттық кезең аясында жыл соңына дейін 150 адамды қамту жоспарланып отыр.