«Семіздікке шалдыққан»: фастфудты тұрақты жейтін оқушылар туралы сұмдық мәлімет жария болды
Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған фастфуд жарнамасын шектеу бойынша нормалар ұсынды
Денсаулық сақтау министрлігі фастфуд пен тәтті сусынды жиі қолданатын мектеп оқушыларына қатысты сұмдық мәліметті жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство осыған байланысты фастфуд, тәтті сусындар, басқа да өнімдердің жарнамасын шектеуге қатысты заңнамалық ұсыныстар әзірледі.
Азық-түлік жарнамасы балалар мен жасөспірімдерге қатты әсер етеді. Олар көз тартатын қаптамаға, әлеуметтік желілердегі жарнамаларға, блогерлердің ұсыныстарына және басқа да жарнама тәсілдеріне тезірек қызығады.
«Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмысы басталды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева аппараттық кеңесте сөйлеген сөзінде.
Министрліктің зерттеу мәліметіне сүйенсек, 6-9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Айта кетейік, осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі оқу жылы басталған соң, балалардың уақытымен әрі құнарлы тамақ ішуіне қатысты ата-аналарға кеңес беріп, ақпарат таратқан.