«Тәтті сусын мен фастфудты шектеңіз»: дәрігерлер оқушының ас-ауқатына қатысты ата-аналарға кеңес айтты
Баланың не жейтіні ғана емес, оны қалай тұтынатыны да маңызды, дейді дәрігерлер
Денсаулық сақтау министрлігі оқу жылы басталған соң, балалардың уақытымен әрі құнарлы тамақ ішуіне қатысты ата-аналарға кеңес беріп, ақпарат таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Дәрігерлердің кеңесіне сай оқушы күніне кемі бес рет тамақ ішуі керек. Яғни, бала міндетті түрде таңғы ас, тіскебасар, түскі ас, бесін асы және кешкі ас ішіп, ауқаттануы керек.
«Мектеп жасы - баланың қарқынды өсіп, дамитын кезеңі. Сондықтан толыққанды әрі теңгерімді тамақтанудың маңызы зор. Бұндай ас-ауқат баланың бойына қуат беріп, сабақта зердесін жинақтауға және күн бойы белсенді болуына көмектеседі», - деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Яғни, дәрігерлер атап өткендей, бала міндетті түрде сүт пен айран ішіп, ет, балық, жұмыртқа мен бұршақ дақылдарын жегені абзал. Сондай-ақ балалар күні бойы өз нормасына сай таза су ішкені дұрыс.
Ал зиянды заттарға тоқталған дәрігерлер қант, тұзы көп әрі майлы тамақ, фасфуд пен тәтті әрі газдалған сусынды шектеген дұрыс дейді.
«Баланың не жейтіні ғана емес, оны қалай тұтынатыны да маңызды: тамақтанудың тұрақты режимі, дастарқан басындағы тыныш атмосфера және ата-ананың жеке үлгісі баланың пайдалы әдеттерді қалыптастыруына үлкен септігін тигізеді», - деп жазылған денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде.