Бүгін, 10:56
Қоғам

Қазақстанда ата-аналардың баласының оқуына қызығушылығы күрт азайған – зерттеу

Ал ұстаздардың оқушыларға көрсететін қолдауы өте жоғары

Қазақстанда ата-аналардың баласының оқуына қызығушылығы күрт азайған – зерттеу
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда отбасының бала оқуына күнделікті араласуы айтарлықтай төмендеген. 2022 жылы оқушылардың 68%-ы ата-анасы аптасына кемінде бір рет мектепте не істегенін сұрайтынын айтса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 54%-ға түскен. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов PISA-2025 зерттеуін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың келтірген мәліметінде мектепте туындаған мәселелерді ата-анасымен тұрақты талқылайтын балалардың үлесі де 61%-дан 45%-ға төмендегені айтылған. Айтуынша, мұндай тенденция көптеген елде бар көрінеді, бірақ біздегі көрсеткіш жылдам төмендеп жатыр.

«Ал мектептегі мұғалімнің қолдауы өте жоғары. PISA өлшейтін teacher support индексі Қазақстанда +0,65, ал OECD орташа көрсеткіші +0,03. Оқушылардың 85%-ы мұғалім әр баланың оқуына қызығушылық танытатынын, 86%-ы түсінгенше түсіндіруді жалғастыратынын, 88%-ы қажет кезде қосымша көмек беретінін айтады. Бұл көрсеткіштердің барлығы OECD орташа деңгейінен айтарлықтай жоғары. Яғни бір қызық қарама-қайшылық бар. Үйдегі күнделікті оқу қолдауы әлсіреп бара жатқан кезде мектеп пен мұғалімнің балаға көрсететін қолдауы жоғары деңгейде керсінше», – деп жазады Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл біздің мұғалімдерге түсетін жауапкершіліктің қаншалықты үлкен екенін де көрсетеді. Мұғалім тек тақырып түсіндіріп қана қоймайды. Көп жағдайда баланы қолдап, қайта түсіндіріп, оқуында қиындық туған кезде жанынан табылады.

«Бірақ мектеп отбасының орнын толық баса алмайды. Баланың нәтижесі үшін мектеп пен ата-ананың қолдауы бірін-бірі толықтырғанда ғана нәтиже жақсы болады. Сондықтан PISA нәтижесіне тек мектептің жұмысы емес, отбасының балаға күнделікті көрсететін қолдауы да тікелей әсер етеді», – деп жазады Құрылтай депутаты.