Бүкіл мектепке бір ғана кіреберіс: Шымкентте ата-аналар балалардың қысылып қалатынына шағымданды

Ата-аналар бір ғана есіктің ашық болуы балаларға қауіп төндіретінін айтып отыр

Бүкіл мектепке бір ғана кіреберіс: Шымкентте ата-аналар балалардың қысылып қалатынына шағымданды
видеодан скрин

Шымкенттегі Нұрсат шағынауданындағы №80 мектеп оқушыларының ата-аналары оқу орнының кіреберісіндегі кептеліске шағымданды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде ондаған оқушының бір мезетте ашық тұрған жалғыз есіктен өтуге тырысып жатқан видеосы тарады. Жазба авторының айтуынша, оның қызы бірінші сыныпта оқиды және сабаққа сағат 14:00-де келеді. Дәл осы уақытта жоғары сынып оқушылары мектептен шығады. Соның салдарынан бір есіктің алдында қарама-қарсы бағытта келе жатқан екі топ бала бір-бірімен бетпе-бет келеді.

Әйелдің сөзінше, директордың тапсырмасы бойынша кіріп-шығуға бір ғана есік ашық қалдырылған, ал қалғандары жабық тұр. Оның айтуынша, күзетші қосымша есіктерді ашудан бас тартып, балалардың қозғалысын реттемеген. Соның салдарынан бастауыш сынып оқушылары сыртқа шығып жатқан балалардың арасынан әрең өтуге мәжбүр.

«Жоғары сынып оқушылары кішкентай балаларды итеріп, қағып өтіп жатыр. Өзіме қызымды қорғап, мектептің ішіне әрең кіргізуге тура келді. Ал мектепке өздері келетін балалар не істерін білмей тұрып қалады, ішке кіре алмайды», – деп жазды әйел.

№80 мектеп әкімшілігі шағымға жауап беріп, кіреберістегі жағдайды оқу орнының қызметкерлері бақылап отырғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, тәртіпті жауапты қызметкерлер мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қадағалайды.

«Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепке кіріп-шығу бақылауда. Жауапты қызметкерлер мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі кезекшілік атқарады. Мектеп аумағына кіріп-шығу тәртібі реттеліп, оқушылардың қауіпсіздігі тұрақты бақылауда», – деп түсіндірді мектеп әкімшілігі.