Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғынының отбасына 1 млн теңге табысталды
Оған қоса, балалардың қол арбасы, сәби күтіміне арналған жиынтық сыйға берілді
Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны болып өмірге келген Жания Азаматқызының отбасына 1 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Сәбидің әкесі Азамат Нұрғалиев 39 жаста болса, анасы Назгүл Көбентаева 35 жаста. Жания - шаңырақтағы төртінші қыз. Іле ауданының Чапаев ауылында тұратын отбасыға бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев арнайы барып құттықтады. Нәрестеге бар жақсы тілектерін білдіріп, облыс әкімінің құттықтау хатын, 1 млн теңгенің сертификатын, балалардың қол арбасы, сәби күтіміне арналған жиынтық және басқа да сыйлықтарды тапсырды.
Азамат Нұрғалиев мұның күтпеген жаңалық болғанын айтады.
«Біз алғашында сенбедік, қателескен шығар деп ойладық. Тек учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдіктен іздеп жатқанын айтқанда ғана шын екенін білдік. Қызымыздың маңдайында бақ бар екен, лайым ұзағынан сүйіндірсін. Оны жақсы тәрбиелеп, Қазақстанның лайықты азаматы етіп өсіруге тырысамыз», - деді ол.
Нәрестенің анасы Жанияның өзі үшін ерекше бала екенін айтты.
«Жания біздің ұзақ күткен, 5-6 жыл дегенде көрген перзентіміз. Қызымыз туа сала бүкіл Қазақстанға белгілі болды, алдағы уақытта да оның жақсы атын шығаруға ата-анасы ретінде еңбек сіңіретін боламыз», - деді.
Еске салайық, Қазақстан халқының саны 19 миллион адамға жеткені туралы сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізген еді.