$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.08.2021, 17:01
Кейіпкер

«Фотограф өзі іздеп келді»: National Geographic кейіпкеріне айналған шымкенттік отбасы жайлы

Төлегеновтер - көпбалалы, өнерлі отбасы

«Фотограф өзі іздеп келді»: National Geographic кейіпкеріне айналған шымкенттік отбасы жайлы
фото: instagram.com/natgeo/

Америкалық National Geographic телеарнасының 117 миллион аудиториясы бар Instagram парақшасының кейіпкеріне айналған шымкенттік отбасының өкілдерімен Azattyq Rýhy тілшісі әңгімелесті.

Созақ ауданы Жартытөбе ауылында тұратын Төлегеновтер - көпбалалы, өнерлі отбасы. Отағасы Абай Төлегенұлы ұлттық өнерді, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүретін асаба болса, келіншегі Сафура Отарова балабақша тәрбиешісі.

National Geographic фотографы Герд Людвиг Төлегеновтер отбасын арнайы іздеп келген екен.

«Америкалық фотограф «Үркер» сыйлығының иесі, біздің отбасылық досымыз Мақсат Шағырбаевтың былтыр біздің ұлттық киіммен түсірген фотосын көріп: «осы үйге барамын» деп арнайы келіпті. Сол күні үйге Шымкенттен өнердегі достарым қонаққа келетін болып, әзірленіп жатқанбыз. Қызымыз Баян алтыншы сыныпта оқиды, домбырада ойнайды, түрлі күй шерткенді жақсы көреді. Анасы екеуінің фотоларын көрген кезде жүрегі жарылып кете жаздап қуанды», - деді отағасы Абай Төлегенұлы.

Жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана ұлттық киімді қонақ келгенде немесе фотоға түскенде ғана емес, күнделікті тұрмыста да үйлестіріп киюге болатынын айтты.

«Жарым екеуміз төрт қыз, үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Фотомызды көрген кезде Аллаға шүкір дедік. Қазақты қазақ етіп тұрған - осы домбыра, өзімізге тән дәстүріміз бен құндылықтарымыз ғой. Фотоны көргеннен кейін көпшілік: «Ұлттық киімді қонақ үшін арнайы кидіңіздер ма?» деп сұрап жатыр. Қазақы киімді қонақ келген кезде ғана емес, күнделікті тұрмыста да үйлестіріп киюге тырысамыз. Ұлттық киім міндетті түрде сәукеле мен оюлы шапан емес қой. Қазіргі заманға сай сәнді, кең етекті ықшам көйлек, қазақы қажекей, ақ орамал да қазақтыкі ғой. Жаулық тағу әжелерімізден қалған дәстүр. Әйел баласы қазан-ошақтың басында жүргенде шашын жинап, етек-жеңін жауып жүрсе, жасаған асы да адал, таза болады. Мұның бәрі - қарапайым ғана тәрбие. Мен қыздарыма ақыл айтып қана қоятын емес, оларға үлгі болатын ана болғым келеді. Сондықтан баланы емес, өзімізді тәрбиелеу керекпіз. Әрбір қазақтың келіні үйінде етек-жеңін жинап, әппақ жаулығын салып жүргені көз сүйсінер көрініс емес пе?!», - дейді Сафура Отарова.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары