$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.08.2021, 11:57
Кейіпкер

Алғашқылардың бірі болып «Халық алғысы» медалін алған алматылық волонтер-дәрігермен сұхбат

Жәнібек Солтанай медицинаның өзіне волонтерлық деп қарайды

Алғашқылардың бірі болып «Халық алғысы» медалін алған алматылық волонтер-дәрігермен сұхбат
Жәнібек Солтанай, волонтер-дәрігер

Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің резидентурасына биыл «инфекционист» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа оқуға түскен Жәнібек Солтанай бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдап отыр. Себебі, пандемия кезінде көзге көрінбейтін жаумен алысқан дәрігерлер қатарында болған жас инфекционист маманның елімізде ауадай қажет екенін ұғынған. 24 жастағы жас маман елде алғашқылардың бірі болып «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты жас маманды одан сайын қанаттандырған. Волонтер-дәрігер «науқастың алғысын алу - ешбір материалдық жетістікпен тең келмейтін бақыт» дейді.

«Қазақстанның медициналық жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Жәнібек Солтанай Аzattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында өзінің тұлғалық принциптері мен өмірдегі миссиясы туралы толығырақ айтып берді.

- Медицина саласы – жүрек қалауы ма?

- Мен Алматы қаласында дүниеге келдім. Отбасымда жалғыз баламын. Медицина саласына келуімдегі басты себебі – анам мені 38 жасында дүниеге әкелген. Одан кейін денсаулығында көптеген мәселе болды. Осыған байланысты бала кезімде ауруханалар мен емханаларда жиі болатынбыз. Ақ халатты абзал жандардың жұмысын бақылап, олар қалай адамдардың алғысын алып жатқанын, көмек көрсетіп, қандай үлкен жұмыс атқарып жатқанын көріп, осы медицина саласына деген қызығушылығым артты. Сол себепті, медицина университетіне оқуға түстім.

- Медицинаның қай саласында білім алып жатсыз?

- Биыл аталған университеттің резидентурасына дәрігер-инфекционист мамандығына мемлекеттік грантқа түстім. Бұл мамандықты таңдаудағы басты себеп – коронавирус пандемиясы. Себебі, пандемияның алғашқы күндерінен бастап, дәрігер-инфекционистермен, эпидемиологтармен бірге қатар жұмыс істедік. Сол кісілердің жұмысы ұнағандықтан, медицинаның осы саласын таңдаймын деп шештім.

- Медицина да, волонтерлық сала да адамдарға жақсылық жасауды білдіре ме?

- Жалпы, медицинаның өзін мен волонтерлық деп қарастырамын. Себебі, медицина саласының қызметкерлері бұл мамандықты ақша, пайда табамын деп емес, елге, жұртқа көмек беремін деп таңдайды. Сол себепті, бұл екі ұғым қатты ұқсас деп ойлаймын. Егер де медицинадағы волонтерлық одан сайын дамып, екі ұғым бірігіп жұмыс істесе, онда, әрине, медициналық көмек көрсетудің де, волонтерлық істің де сапасы артар еді. Жалпы, медицина саласында жүрген әр маман – волонтер. Себебі, ешбір дүние, ақша, материалдық құндылық науқастың шынайы алғысына тең келмейді. Яғни, сол науқастың алғысын алу арқылы дәрігер қанаттана түседі.

- Ал волонтерлыққа қалай келдіңіз?

- Мен волонтерлық қызметке осыдан 13 жыл бұрын келдім. Яғни, мектепте 5-сынып оқып жүрген кезде мектепшілік «Отаншыл» өзін-өзі басқару ұйымы болды. Сол ұйымның қатарына қосылып, Алматы қаласында, Ақбұлақ ықшам ауданында тұратын ҰОС ардагерлеріне үнемі көмектесіп отыратынбыз. Яғни, қыстың күні есіктерінің алдындағы қарды күреумен айналыссақ, көктемде ер балалар бақшаның жұмыстарымен, қыздар ата-апаларымыздың үйін жинаумен айналысатын. Осы ең алғашқы волонтерлық жұмысым маған үлкен ләззат сыйлады. Мен барлық жерде осыны мақтанышпен айтып жүрдім. Одан кейін волонтерлық өмір сүру дағдыма айналды.

Пандемия кезінде жасаған еңбегіңіз үшін оқырмандардың атынан алғыс айтамын. Жалпы, соңғы 1,5 жылда қандай жұмыстар атқарылды? Тұрғындарды КВИ-ден емдеуге қалай ат салыстыңыз?

Пандемия елімізде енді басталған сәттен бастап Президентіміздің жарлығымен төтенше жағдай жарияланды. Ол кезде біз әлі толық маман емеспіз, жай ғана студентпіз. Бірақ білім емес, тәжірибе емес, біздің елге, халыққа, денсаулық сақтау саласына көмектесуге деген үлкен құлшынысымыз болды. Соның арқасында біз шет мемлекеттерден оралған қазақстандықтарға көмек көрсеттік. Яғни, олар келген кезде карантинге жатқызылатын. Біз оларды әуежайдан күтіп алып, стационарда бақыладық. Өйткені, сіздер білесіздер, коронавирус індеті бізге сырттан келді. Біз 3500-ден аса жерлестерімізді күтіп алдық. Яғни, біз бұл ауруды анықтаумен, ал тәжірилі дәрігерлер оларды емдеумен айналысты. Біз аға буын – медицина қызметкерлеріне барынша көмектестік.

- Мейірімді іс жасау, адамдарға көмек көрсету сіз үшін қаншалықты маңызды?

- Біріншіден, адам баласы дүниеге келген соң тек өзін ғана ойлау үшін емес, басқалармен қарым-қатынаста болуы маңызды. Медицина саласын таңдаған соң өзімшіл болуға құқығымыз жоқ. Сол себепті, бұл іс мен үшін өте маңызды. Қаншама адамның көмекке зәру екенін көре тұра, қалай қарап отырасың? Адамдарға көмектескенде, балық емес, қармақ беруге тырысамын. Адамның мұқтаж болуына не себеп, жұмыс жетпей ме, денсаулығын түзеу керек пе – себебін анықтап, шешеміз. Яғни, біз бірреттік қана көмек бермейміз. Ол адам ай сайын азық-түлік, дәрісі біткен кезде мұқтаждығын айта бермейтіндей, соны өзі табатындай жақсылық жасау керек.

- Былтыр «Волонтер жылы» болды. Президенттің бұл шешімі волонтерлық қызметтің біздің елде дамуына қалай әсер етті?

- Президенттің 2020 жылды волонтер жылы деп жариялауы оның көрегендігін білдіреді деп ойлаймын. Қаңтар айында «Волонтерлар жылының» ашылуы кезінде бұл жылдың осындай қиын боларын Президент білмеген шығар. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау болғанының арқасында волонтерлер пандемиямен тиісті дәрежеде күресе алды деп ойлаймын. Адамға көмектесудің рухани рахатын сезіндік. Яғни, неше түрлі мұқтаж адам волонтер болып, өзгелерге көмектесті. Волонтер болу үшін жүректе мейірім болса, жеткілікті. Жалпы, Волонтер жылының жариялануы біздің елімізде волонтерлық қызметті үлкен дәрежеге жеткізді. Бұрын-соңды елімізде «волонтер-медик» деген ұғым белгісіз болса, қазір ол көпке түсінікті. Біз әлі күнге медицина қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Пандемия кезіндегі еңбегіміз мемлекет тарапынан жоғары деңгейде елеп-ескерілді, сол себепті, өте қуаныштымыз. Жалпы, мен өте бақытты жандардың бірімін. Себебі, еліміз бойынша ең алғашқылардың бірі болып «Халық алғысы» медалімен марапатталдым. Бұл алғыспен Алматы облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев марапаттаған сәтте мен дәрігер-инфекционист Тамара Кузтаевнамен бірге, ҚР Еңбек ері, марқұм, қазақтың мақтанышы Жақсылық Үшкемпіровпен бірге, Kaspi банкінің басшысы Михаил Ломтадземен, полиция және әскери қызметкерлермен қатар тұрып алдым. Бұл не деген бақыт?! Одан бөлек, Президент Қ.Тоқаев мырзаның алғыс хатымен марапатталдым. «Жас Отан» жастар қанатының мүшесімін.

«Жас Отанның» V съезінде Елбасымыз «Жәнібек Солтанай» деп есімімді атап, менің істеп жүрген ісімді көпшілікке айтқан кезде, мен үшін бұл зор мәртебе болды. Сол сәтте «Жәнібек, қоғамға қызмет етуіңді тоқтатпау керек» деген маған ой келді. Бұл мен үшін әрі қарай жұмыс істеуіме үлкен мотивация болды.

Жазып алған: Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары