Үшемнің анасы, аға инспектор Жанар Ерланқызы жұмысы мен тұрмысы туралы айтып берді
Аға инспектордың айтуынша, құқық қорғау саласында әйелдерге қолдау көп
Құқық қорғау саласы десе көпшілігіміздің көз алдымызға бірден басына фуражка киген полиция қызметкері елестейді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін салада әйелдерді көп байқай бермейміз. Соңғы жылдары құқық қорғау саласын таңдайтын қыздар саны өскен. Мәселен, Нұр-Сұлтандағы құқық қорғау саласында 500-ге жуық әйел бар. Олардың бірі есірткіге қарсы күрес бөлімінде болса, енді бірі тергеуші, келесі бірі - судья.
Бүгін Azattyq Rýhy тілшісі құқық қорғау саласында 16 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан үшем қыздың анасымен сұхбаттасты. Нұр-Сұлтан қаласы ПД Көші-қон қызмет басқармасының Азаматтық және иммиграция бөлімінің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Жанар Ерланқызымен сұхбаттасты.
ОТБАСЫ ТУРАЛЫ
- Қазақ заң университетін бітіргенмін. 2006 жылдың сәуір айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы көші-қон қызмет басқармасының инспектор лауазымына тағайындалдым, содан бері осындамын. Жолдасым да құқық қорғау саласында істейді, екеуміз жұмыс бабымен таныстық. Үшем қыздың ата-анасымыз. Жұмысым өзіме ұнайды, өте қызықты. Полиция формасын киген әйелдерді көргенде көпшілігі «бұл сала әйелдердікі емес» деп жатады ғой. Меніңше, ол қате пікір. Адам нені жан жүрегімен сүйіп істесе, сол іс қана жемісін береді. Біз жұмыста ауыр тас көтеріп, репродуктивті денсаулығымызға зиян келтіріп жатқан жоқпыз. Компьютердің алдында құжаттармен айналысып, алдымызға келген адамдарға түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Әйел әріптестерім өте көп. «Әйел қырық шырақты» дейді ғой, бәріне үлгеруге болады. Ең бастысы отбасынан қолдаудың болуы. Мен жолы болған жанмын. Себебі маған жолдасымның тарапынан қолдау бар. Бұған ол кісінің де құқық қорғау саласында жұмыс істеуінің әсері көп. Қажет кезде бір-бірімізге ақыл-кеңесімізді айтып, қолдау білдіріп, кешігіп жатқан кездерде түсіністік танытамыз. Аптасына бір жарым күн ғана болатын демалысымды үш қызыммен өткіземін. Үшем баланы бағудың қиындығы өз алдына бір бөлек (күліп). Олардың бірі ауырып қалса, қалған екеуінің де көңіл-күйі түсіп кетеді. Оның үстіне бәрі қыз болғандықтан, көп көңіл бөлгенді қалайды. Жұмыста жүрген кездері «үш қыздың тамағы қалай болып жатыр, сабағы қалып қалды ма екен?!» деп алаңдайтын кездер бар. Бірақ ата-анамыз көмеке келіп, қарайласып тұрады. Қыздарым демалысымды менен бұрын санап, асыға күтеді. Біздің басқармада сенбі түске дейін жұмыс күні, жексенбі толық демаламыз.
КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫ
- Көші-қон қызмет басқармасы шетелдіктердің уақытша тіркеуге тұрғанын және ҚР-да болу ережесін бұзбау, содан соң, шетелден келген қандастарымызды тұрақты тіркеуге тұрғызып, азаматтық мәселесімен айналысамыз. Ел азаматтығын жоғалтып алғандарды, азаматтықтан шыққандарды тіркейміз. ҚР және тұрақты тіркеуі бар шетел азаматтарын ҚР тыс жерге шығу құжаттарын ресімдейміз. Жұмысқа таңғы 8:20-да жұмысқа келеміз, 08:30-да басқарма бастығы жинап, жұмыс күнінің тәртібін талқылап, тапсырма береді. Қандай да бір туындаған мәселелер шешіледі. Күнделікті 9:00-ден 18:00-ге дейін халықты қабылдаумен айналысамыз. Құзырлы органдардан қос азаматтық мәселесі, басқа мемлекетке кіріп-шығу туралы мәліметтер мен сұранымдар түседі, соларға жауапдайындаймыз. Қазір халықтың сауаты біршама артқан, көп мәселені жетік біледі. Дегенмен, адамдармен жұмыс істеудің өзіне тән қиындығы мен қызығы бар. Көп жағдайда халық мәселесінің дәл қазір біткенін талап етіп жатады. Олар қол қою, екі ел арасындағы құжаттық мәселе, белгіленген заңдар бар екеніне түсіністік танытқысы келмей, бастықтың алдында шу шығарып жатады. Оның үстіне бізде Ресей азаматтығын алатын қазақстандықтар көп. Бізді алдауға тырысатындар да табылады, құжатсыз жүрген азаматтар қаншама?!
«ТУҒАЛЫ ҚҰЖАТСЫЗ ЖҮРЕТІНДЕР БАР»
- Таяуда 1992 жылы Ресейде туылған азамат Қазақстанға келген. Құжаттандыру басталған кезде жеке куәлік алуға өтініш бермеген. Содан ештеңені ойламай жүре береді де, зейнетке шығатын кезде бізге келеді. Бізде ешқайда тіркелмегенін көрген соң, РФ-ға сұраным жібердік. Анықтай келе, әлі сол елдің азаматы екен. Жаңағы ер адам соны естігенде шалқасынан түсе жаздады. «Менің Ресейде ешкімім жоқ, мені елден қалай шығарасыздар?» деп шырылдап кетті. Кейін елшілік арқылы мәселесін шешіп, Ресейге барғанда туыстарын тауып келді. Сонда 29 жыл бойы картасыз, емханаға бармай, ешқандай қажеттіліксіз өмір сүре берген. 16 жасында жеке куәлік алуға келмей, жүре беретіндер бар. Туу туралы куәлігі жоқ, осы елдің азаматы екенін дәлелдей алмайтын балалар бар. Бұл ретте «Қолдау» орталығымен бірлесе жұмыс істейміз.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МАМАНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ
- Қазір құқық қорғау саласындағы ерлерге де, әйелдерге де мемлекет барынша жағдай жасап жатыр. Ең бастысы, өзің кәсіби маман болсаң болды. Кез-келген саланың өзіне тән қиыншылығы бар, соған шыдаған адам ғана жетістікке жетеді. Құқық қорғау саласы темірдей тәртіпке, шыдамдылыққа, уақыттың қадірін, жақындарыңның қуанышында олармен бірге болудың қадірін үйретеді, адамдардың психологиясын жазбай тануды меңгересің. Қазір алдымызда отырған адамның қай сөзі рас, қай сөзі өтірік екенін әңгімесін тыңдап отырып біліп отырамыз. Жалақымыз да жаман емес, кәсіби мерекемізде, әр квартал сайын премия түседі. Үздік қызметкерлерге медаль, грамота, алғысхаттар беріледі. Қыздар қауымына айтарым, құқық қорғау саласында қызмет етуден қорықпаған жөн.
Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан