«Өзіме де қызық»: Жұлдыз Сүлейменова «қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты ойын айтты
Министрдің өзі «қыркүйек» деп жазамын дейді
Бүгін үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылы бастала сала ата-ана мен мұғалімдер арасында дау тудырған мәселе – қыркүйек пен қыргүйек сөзіне қатысты өз пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, бұл сөздің «өзгеруіне» қатысты мәселенің оқу-ағарту министрлігіне қатысы жоқ көрінеді.
«Бұл сөздің ауысып кеткеніне оқу-ағарту министрлігінің еш қатысы жоқ. Бұл негізі біздің тіл біліміндегі өзгерістер. Осы сұрақ өзімді де қызықтырды. Сондықтан мен ғалымдардың, соның ішінде Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуіме тура келді. Жалпы сексенінші жылдардан бастап айтылым мен жазылымның арасындағы белгілі бір заңдылықты сақтай отырып емлі заңына өзгерістер енгізу туралы мәселе біраз талқыланған. Бірақ өзім «қыркүйек» деп жазамын. Яғни, «к» әріпін қолданамыз. Бізді кезінде оқытқан мұғалімдердің тәртібі мен грамматикасы осындай болды», - деді Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, сөздің айтылуы мен жазылуына қатысты кез келген өзгерістің нүктесін ғалымдар қою керек.
«Менің ойымша, екеуі де қате емес», - деді Сүлейменова.