Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Люция Төлешова өмірден өтті

Ол қазақ эстрадасындағы талай таланттарды тәрбиелеп шығарған

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Люция Төлешова өмірден өтті
Фотог: ашық дереккөзден

Бүгін 80 жастан асқан шағында қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор, елімізде тұңғыш рет «Эстрадалық вокал» кафедрасының негізін салған қайраткер Люция Төлешова өмірден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар24»-ке сілтеме жасап.

Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров естіртті.

«Әлемді жайлаған індеттен қазақтың аяулы тұлғасы Люция Қажығалиқызы дүние салды. Мәскеудегі Гнесиндер атындағы музыка академиясын тәмамдаған Люция Төлешова өзінің саналы ғұмырын кәсіби эстрада өнеріне арнады. Соңғы демі үзілгенше Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Эстрадалық вокал» кафедрасының профессоры болып еңбек етті.

Люция Қажығалиқызы тәрбиелеген шәкірттер Т.Забирова, Б.Шадаева, С.Майғазиев, Б.Мұхитдинова, Г.Қаспақова, М.Мүсірәлі, Ж.Арыстанова, Ә.Каримов, Қ.Түнтеков, Б.Құлғараев, Д.Каден, Б.Ретбаев, т.б. Қазақстанның өнер кеңістігінде белгілі әншілер мен орындаушыларға айналды. Жүрегі өнер деп соққан Люция Қажығалиқызымен өмір мен өнер жолында әріптес болдық, сыйластық. Өмірде ерекше қадір тұтқан Люция Қажығалиқызының ой-армандары мен мақсаттары көп еді... Ажалға не шара?! Отбасына, тума-туысқандары мен әріптестеріне, барлық шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын», - деді Асхат Маемиров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.