Ауыл әкімін сайлау: Кандидаттарды ұсыну мерзімі бүгін аяқталады
Ел бойынша орташа бәсеке бір орынға – 3,2 адам.

25 маусымда аудандық сайлау комиссияларының шешімімен еліміздің 14 өңірінің 176 ауданы 730 сайлау округінде сайлау өткізу жөнінде шешім қабылданды деп хабарлайды Azattyq-ruhy аумақтық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқан басталғалы бері республика бойынша барлығы 2322 кандидат, оның ішінде 7 шілдеде – 102 кандидат ауыл әкімдігіне ұсынылды.
1455 адам (62,7%) – өзін-өзі ұсынғандар, 867 адамды (37,3%) саяси партиялар ұсынған. Саяси партиялардың ішінде ең көп кандидат – 588 кандидатты (67,8%) «НұрОтан» партиясы, 100 адамды (11,5%) «Ауыл», 70 адамды (8,1%) ҚХП, 56 адамды (6,5%) «ADAL», 53 адамды (6,1%) «AQJOL» партиялары ұсынды.
Айта кету керек, ЖСДП партиясы мүлдем кандидат ұсынбады. Сайлау жарияланған округтер санының көптігіне байланысты кандидаттардың ең көбі Ақмола (300), Қарағанды (267), Алматы (247) және Шығыс Қазақстан (237) облыстарынан ұсынылды. Ал кандидаттардың ең азы Маңғыстау (36), Атырау (60) және Батыс Қазақстан (82) облыстарында.
Ел бойынша орташа бәсеке бір орынға – 3,2 адам. Ең жоғары бәсеке Түркістан (3,8), Маңғыстау (3,6), Қарағанды (3,6) және Алматы (3,5) облыстарында. Ең төмені Қостанай (2,3) және Батыс Қазақстан (2,6) облыстарында.
Кандидаттарды ұсыну 9 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады, сондай-ақ кандидаттарды тіркеу де қатар жүргізіледі.