Экологтар балықтардың жаппай қырылу жағдайының алдын алды

Балықтардың қырылуына жол бермеу үшін орташа салмағы 135 грамм болатын 111 дана ұсақ тұқы ауланып, өзен арнасына жіберілген.

Экологтар балықтардың жаппай қырылу жағдайының алдын алды
фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысында балықтың жаппай қырылуына жол берілмеді деп хабарлайды балық шаруашылығы комитетінің Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.

7 шілдеде балық шаруашылығы комитетінің Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Instagram әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізді. Онда Осакаров ауданындағы Қызыл Кут бөгеті бұзылғаны туралы хабарламаны анықтаған. Ведомствоның дерегінше, бұл балықтардың қырылуына алып келеді.

«Жануарлардың қырылу қаупі және өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл сызбасына сәйкес инспекция оқиға орнына барды. Жедел топ Қызыл Кут бөгетінің жанындағы су қоймасының жағалау жолағын толық тексерді, алайда балықтардың қырылуы анықталған жоқ. Балықтың қырылуына жол бермеу мақсатында орташа салмағы 135 грамм болатын 111 дана ұсақ тұқы ауланып, Ошағанды өзенінің арнасына жіберілді. Қазіргі уақытта су айдынының ихтиофаунасының жай-күйіне мониторинг жалғасып жатыр», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.


 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.