QazVac вакцинасын сынаудың үшінші кезеңі шілденің ортасында аяқталады
Қазақстандық мамандар ДДСҰ-мен бірге жұмыс істеп жатыр

Отандық QazVac вакцинасын сынаудың үшінші кезеңі шілденің ортасында аяқталады деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.
Олар үшінші кезеңнің қорытындысы қашан жарияланатыны туралы түсініктеме берді.
«Шілде айында сынақтардың үшінші кезеңінің алты айлық мерзім аяқталады. Бұл мерзім шілде айының ортасына тура келеді. Тиісінше осыдан кейін клиникалық сынақтардың үшінші фазасы бойынша тиісті есептер ресімделіп, дәрілік заттарды сараптау орталығына беріледі. Соңғы қорытындының қашан шығатыны екпені әзірлеушілердің Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына есепті толық өткізу уақытына байланысты», - деді вице-министр Марат Шоранов.
Вице-министр QazVac вакцинасының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуіне алынуына қатысты да пікірін білдірді.
«Біздің QazVac вакцинасы бойынша Отардағы Биологиялық қауіпсіздік институтының ғалымдары қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге жұмыс істеп, тиісті өтінімдерді толтырып жатыр. Тағы бір ұйымдастыру жұмыстары бар. Енді біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандарымен бірге кестеге енгізуге тырысамыз. Қарағандыда шығатын «Спутник V» вакцинасының бізде тек құтыға құйылатынын білесіздер. Жалпы Ресей Федерациясы ДДСҰ-мен бірге жұмыс істеп жатыр. Жақын арада бізге мәлімет түсуі керек. Ол енді ДДСҰ-да тіркелсе, әлем мойындаған деп есептеледі», - деді Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары.