Мұстафа Өзтүрікке қойылған Қазақстандағы жалғыз ескерткішті бүлдірген кім?

Алматы іргесіндегі Мұстафа Өзтүрікке қойылған ескерткіш қараусыз қалған

Алматы іргесіндегі «Бесағаш» ауылында әйгілі спортшы, таэквондодан қара белбеудің 7 дан иегері Мұстафа Өзтүрікке қойылған ескерткіш қараусыз қалған. Оның тұғырына жапсырылған гранит тақталар сынып жатыр. Ал шағын жолжелектің аумағы қоқыстан көрінбейді. Бұл жердегі сыраның құтылары мен өзге де тұрмыстық қалдықтар көптен бері жиналмай жатқанын байқау қиын емес. Ескерткіш ашылған соң орнатылған орындықтар мен түнде жарық беретін шамдар да қолмен қиратылған.   

«Бесағаш» ауылы қаладан 6 шақырым жерде Медеу ауданымен іргелес орналасқан. Ауылдың орталығына Қазақстандағы таэквондо спортының негізін қалаған белгілі спорт шеберіне арналған ескерткіш 2014 жылы қараша айында қойылған еді. Ұлт мақтанышының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шараға  Германиядан арнайы спортшының жары Нұрила мен екі қызы, Түркиядан бауыры Мансұр Тәйджі келді. Негізі бұл жерге 2004 жылы ескерткіш орнату жоспарланған. Алайда ескерткіш белгінің жобасын Мұстафа Өзтүріктің туыстары ұнатпай, арада 10 жыл өткеннен кейін елімізде алғаш рет осы нұсқа тұғырға қонды. Алматыда спортшының атында көше, ал Түркістан облысында мешіт бар. Ал бұл бүкіл қазақ жерінде Мұстафаға қойылған жалғыз тас мүсін.  

Алтынбек Талабаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:

«Менің ойымша тек қана жүрегінде намысы, иманы жоқ адамдар істейді мұны. Бұл тұрған ескеркіш кімге зиян келтірді? Мен осы жермен немеремді мектепке апарғанда, айтамын мынау нағыз қазақтың азаматы деп...Ол өзі Түркиядан келді. Егер осыны түріктер көрсе не дейді? Мынау біздің елде тәуір азамат еді, еліне келгенде көргені осы ма демей ме, қарағым. Бұл бәріміздің намысымызға тиеді. Осыны өткенде көргенде, ішімнен егілдім. Бұған қалай ғана дәті барып сындырды екен?»

Жақында журналистер Алматы облысының әкімдігіне «Қызылағаш оқиғасы» құрбандарына қойылған ескерткіштің де бүлініп жатқанына шағымданған болатын. Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылында, Алматы-Өскемен тас жолының бойында марқұмдардың рухына арнап қойылған белгі облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жасалған. Ел ары-бері өткенде сол бір қаралы күнді еске алып, бір мезет тыныстайтын орынның бүгінде сыра ішетін, мал жайылып, қоқыс шашылған аумаққа айналғаны туралы жазылды.

Фото: Қызылағаш құрбандарына қойылған ескерткіш

Облыс атқамінерлері даңқты спортшы, әрбір қазақ мақтан тұтатын Мұстафа Өзтүрік ескерткішінің де қараусыз қалғаныны хабары бар ма!? Ал Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі мен осы ескерткішке іргелес орналасқан орта мектептің әкімшілігі бұл жағдайға ауыл тұрғындарының өздерін кінәлайды. Жергілікті жұрттың өз мүліктеріне жанашырлықпен қарамауынан осындай жағдай қалыптасып отыр. Барлығы 1600 оқушы білім алатын №29 орта мектептің оқушылар да осы жолжелек арқылы мектепке қатынайды, дейді мектеп мұғалімдері.    

 «Аптасына бір рет сенбі күні мен техперсоналды жіберіп, сол жердің мусорын жинатамын. Одан басқа қолымнан келетіні жоқ. Сенбі күннен басқа күндері өз жұмысымыз мектепте көп. Ауылда халықтың басқа баратын жер жоқ. Қазір жинап кетсең, қайта шашылады. Бұл ауыл адамдарының өздеріне сын. Жалпы ауыл да тәртіп, тәрбие жоқ деген сөз»,- дейді мектеп басшысы Назым Сәрсебаева.  

«Қазіргі таңда бұл бойынша келесі жылға ақша қарастырылуы керек. Ол жерге күрделі жөндеу жүргізіледі. Оның құны 3 млн. теңге. Ол жер толықтай тазартылып, тротуарлары аусытырылып, жарығы да қалыпына келтірілген соң, қоршаймыз деп ойлап о тырмыз, машина кірмейтіндей жасалады. Әзір қоғамдық жұмысшылармен тазарту жүреді. Ал плиткаларды да ауыстыруға тырысамыз»,- дейді ауылдық округ әкімінің өкілі.

Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы 23-қарашада Түркияда қазақ отбасында дүниеге келген. Спортшы атамекенге оралып, ҚР Таэквондо федерациясын (WTF) құруға атсалысты. Мұстафа 1992 жылы Қазақстан азаматтығына қол жеткізіп, 1993 жылы Қазақстандық федерацияның Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының құрамына енуіне өз үлесін қосады. Мұстафа Өзтүрік 1995 жылдың 15 наурызында Алматы қаласындағы Орталық клиникалық ауруханалардың бірінде қайтыс болады. Ол туыстарының шешімімен Стамбұлдағы қазақтар көп тұратын Гүнешлі ауданындағы зиратқа өзінің әкесінің жанына жерленді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.