Кәсіпкердің қымбат көлігін иемденіп кеткен салықшының ісі сотқа жетті

Шымкент қаласы Қаратау ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері кәсіпкерді алдап, қымбат көлігін иемденіп сатып жіберген 

Кәсіпкердің  қымбат көлігін иемденіп кеткен салықшының ісі сотқа жетті
Фото: newsbel.by

Аудандағы Мемлекеттік кірістер басқарамасының бас маманы болып жұмыс істеген Ш.Пернеев есімді азамат, кәсіпкер К.Даулетовке «Даулет Д.С» ЖШС-ін банкрот деп танып, компанияны жабуды оң шешіп беруге уәде берген. Алайда, мұндай әрекеттер Пернеевтің лауазымдық қызметіне кірмеген. Соған қарамастан, кәсіпкердің құны 5 000 000 теңге тұратын «Tоyota Land Cruser 100 vx» автокөлігін иемденіп сатып жіберген.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өндірісінде бұрынғы ОҚО Кіріс департаментінің қызметкері Пернеевке қатысты қылмыстық іс тіркеліп, өндіріспен аяқталған. ҚР қылмыстық кодексінің 193 бабы, 3 бөлігі 1-2 тармағымен прокурорға жолданған. Прокурормен айыптау актісі бекітіліп, сотқа жолданған болатын. Қазіргі таңда қылмыстық іс сот өндірісінде қаралуда. Аталған баппен 3-7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған»,- дейді  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камал Қабылбеков.

Осы ретте айта кету керек, күдікті кәсіпкердің сеніміне әбден кіріп алған. Осылайша компаниясына қатысты туындаған проблеманы оң шешіп беремін деп алдап, осынау «қызметінің» ақысына кәсіпкердегі «Tоyota Land Cruser 100 vx» жол талғамайтын автокөлігін сұратқан. Алайда, көлікті алғаннан кейін уәде еткен жұмысын орындамай, «темір тұлпарды» сатып жіберіпті. Жұмысын бітіре алмай, әрі көлігінен айрылған кәсіпкер біраз уақыт күтіпті. Алайда, іс орнынан қозғалмайтынын білгеннен кейін құқық қорғау органдарына арызданған.

Арай Есенбек, Шымкент

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.