Түркістандық полицейлер шыны ғимаратта отыратын болады

Түркістан қаласында пирамида іспеттес 9 полиция бекеті пайда болады

Түркістандық полицейлер шыны ғимаратта отыратын болады

Түркістан қаласында полицейлерге арналған су жаңа бекеттер салынып жатыр. Нысан Грузия тәжірибесімен шыныдан соғылған. Оған жергілікті бюджеттен 6,5 миллион теңге бөлінді.

Сәулеті ерекше бекеттердің құрылысы жөнінде Түркістан облысы Полиция департаменті мамандары бейхабар болып шықты. Айтуларынша, жаңа бастаманы қала әкімдігі іске асырып жатыр екен.  

«Біз бұл полиция бекеттерін облыс әкімінің тапсырмасына сай жүзеге асырып жатырмыз. Пирамида пішіндес полиция бекеттерін Грузия тәжірибесіне сүйене отырып жасадық. Мұнда мәжіліс залы және кітапхана болады. Кез келген адам кіріп-шыға алады. Шаһар бойынша құрылыс жұмыстарына қазынадан 6 жарым миллион қаралды», - дейді Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.   

Айта кетейік, жуырда Түркістан қаласында 9 пирамида іспеттес полиция бекеттері пайда болады.

Жаңа ғимараттардың басты ерекшелігі – оның пішінінде ғана емес, шыныдан жасалуында дейді мамандар. Яғни, кез келген адам түркісандық полицейлердің немен айналысып жатқанын көргісі келсе ішкі істер органдарына арнайы барудың қажеті жоқ. Пирамиданың сыртынан-ақ тәртіп сақшыларының немен айналысып отырғаны көрініп тұрады. Бұл ең бастысы коррупцияға жол бермеудің бірден-бір жолы дейді жергілікті билік өкілдері. Олардың коррупция үшін алаңдауы заңдылық. Өйткені, оңтүстік өңірі сыбайлас жемқорлық қылмысы жағынан елімізде көш бастап келеді. Ал, ішкі істер органдары тек Түркістан облысында ғана емес, республика бойынша да ең көп коррупция жасалатын салалардың бірі боп саналады. Пирамида іспеттес шыны ғимараттардың Түркістанда алғаш болып салынуы да сол себептен.

Еске салайық, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы былтыр екіге бөлініп, облыстық ішкі істер департаменті Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілген болатын.

Арай Есенбек, Түркістан облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.