Қостанайда 35 жыл бойы КСРО-ның төлқұжатымен жүрген әйел ауырғанда дәрігерге қарала алмай қалған
Өкінішке қарай дәрігерлер одан рак ауруын тапты

Қостанай облысының Қазанбасы станциясында тұратын әйел 35 жылдан бері КСРО-ның төлқұжатымен өмір сүргені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы аралық ішінде ол Қазақстанның ешбір мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органына жүгінбеген, ауруханаға қаралмаған. Алайда, жақын арада денсаулығы сыр бергенде емханаға барған оны дәрігерлер базадан таба алмай, қызмет көрсете алмаған. Қазақстанның құжатын алғысы келген әрекеті де сәтсіз аяқталыпты.
Сондықтан, ол Samruk-Kazyna Trust корпоративті қоры іске қосқан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлеріне келіп, шағымдарын айтқан. Дәрігерлер науқасты қарап қана қоймай, жобаның заңгерлері жан-жаққа сұрау салып, әйелге жаңа құжат алып беруге көмектескен.
«Пойыздың медиаторы мен заңгері іске араласып, Қостанай облыстық Адам құқықтары бюросына, Бас прокуратураға және ІІМ-ге ресми өтініш жолдады. Архивтен тұрғын туралы мәліметтер табылып, ол ресми түрде құжаттарын алған. Дәрігерлер әйелден онкологиялық ауруды растап, облыстық ауруханаға жолдама берген», - деп хабарлайды Қордың баспасөз қызметі.
Анықтама:
«Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының мәліметіне сүйенсек, «Саламатты Қазақстан» пойызы 13 рет жолға аттанып отыр. Осы уақыт ішінде ол еліміздің ең шалғай ауылдарының тұрғындарына медициналық әрі құқықтық көмек көрсетіп келеді. Биыл пойыз 123 станцияға тоқтайды, осы уақытқа дейін 68 ауылдағы 50 мыңнан астам қазақстандыққа қызмет көрсеткен.