Жыл басынан бері Қазақстанда 443 мың адам әртүрлі жәрдемақы алған
Биыл мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген еді

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін төлемдермен 443 мыңнан астам адам қамтылды. Төлемдердің жалпы сомасы 570,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлгінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бала туғанда берілетін жәрдемақы
Жыл басынан бастап республикалық бюджеттен бұл төлемді 230,8 мың адам алды, оларға барлығы 41,7 млрд теңге төленді. Тек тамыз айында ғана 29,2 мың адамға 5,3 млрд теңге төленген. Бұл жәрдемақыға балалы болған, асырап алған немесе қамқорлыққа алған азаматтар, қандастар және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер құқылы.
2025 жылы бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 149 416 теңге (38,0 АЕК);
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге (63,0 АЕК).
Бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы
Жыл басынан бері бұл төлеммен орта есеппен 124,3 мың адам қамтылып, оларға 29,1 млрд теңге төленді. Тамыз айында 3,7 млрд теңге сомасына 125,8 мың адам жәрдемақы алған.
Ай сайынғы жәрдемақы мөлшері:
- бірінші балаға – 22 648 теңге (5,76 АЕК);
- екінші балаға – 26 777 теңге (6,81 АЕК);
- үшінші балаға – 30 866 теңге (7,85 АЕК);
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 34 995 теңге (8,90 АЕК).
МӘСҚ төлемдері
Жүктілік пен босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты біржолғы төлем жыл басынан бері 148,3 мың адамға тағайындалды. Оның жалпы сомасы 210,6 млрд теңге, ал орташа мөлшері – 1,5 млн теңге.
Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты кірістен айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемді 170,4 мың адам алды. 8 айда бұл төлемдердің жалпы сомасы 289,3 млрд теңге болды, орташа айлық мөлшері – 87 849 теңге.