Көкшетау 7 мың гектарға ұлғаяды – Тоқаев қаланың Бас жоспарымен танысты
Қопа көлінің жағасы адам танымастай өзгермек

Бүгін Ақмола облысын сапарлап жүрген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі Бас жоспарымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Бас жоспарға сай облыс орталығының аумағы 7 мың гектарға ұлғаяды.
«Бас жоспардағы ерекше нысанның бірі – Қопа көлінің жағасында бой көтеретін заманауи іскерлік орталық. Онда тұрғын үй кешендері, бизнес және сауда орталықтары, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер салынады», - деп хабарлайды Ақорда.
Қала басшылығы сондай-ақ президентке қалада жылу электр орталығы, облыстық көпбейінді аурухана, Азаматтық қорғаныс академиясы және көпфункционалды спорт кешені салынып жатқанын баяндаған.
«Межелі уақытқа дейін қала халқының саны 500 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа құрылыс алаңдары және реновация бағдарламасы аясында 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек», - деп хабарлайды Ақорда.