Қазақстан мен АҚШ әскери-медицинадағы IT-технологияларды қолдану жайын талқылады
Америкалық мамандар әскери медицина орталығындағы сыныптардың IT-жабдықтарымен танысты
Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің әскери медицина орталығында Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ведомстволары өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі жақ медицина қызмет мамандарын оқыту дайындығында цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.
Аталмыш шараға екі елдің қорғаныс ведомстволарының мамандары, соның ішінде әскери медицина орталығының, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының, Ақпараттандыру департаментінің өкілдері қатысты.
«Америкалық мамандар әскери медицина орталығындағы сыныптардың IT-жабдықтарымен танысты. Тәжірибе сабақтарында қазақстандық дәрігерлер ұрыс алаңында алғашқы медициналық көмек көрсету, жаяу әскердің жауынгерлік көлігінен жараланғандарды шығару, содан соң оларды көшіру машықтарын көрсетті», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Реті келгенде АҚШ Ұлттық гвардиясының кибертранспорт технигі Эрик Джонс электронды медициналық оқыту тақырыбында онлайн түрде баяндама жасады. Ол қолжетімді білім беру платформалары мен бағдарламаларын пайдалану арқылы тыңдаушыларды қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты айтты.
Ақпарат алмасу барысында орталықты цифрлық жабдықтау, ақпараттық технологиялар аясындағы жобаларды әзірлеу мәселелері де қозғалды.
Айта кетсек, АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігінің қауіпсіздік саласындағы әскери ынтымақтастық кеңсесі екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы ақпарат алмасуды Әскери ынтымақтастық жоспары негізінде ұйымдастырды.