Амандық Баталов: «Біздегі проблема - үш ауысымды мектеп»
Қазіргі уақытта облыс көлемінде 28 мектептің құрылысы жүріп жатыр
Алматы облысы үш ауысымды мектептен толыққанды құтыла алмай келеді. Бұл проблеманы шешудің жолы - жаңадан салынып жатқан мектептердің көлемін кеңейту. Облыс әкімінің сөзінше, өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі 2025 жылға қарай ғана толықтай шешіледі. Қазіргі таңда Алматы облысында 430 мыңға жуық оқушы бар.
«Оның екі себебі бар: Бірі ішкі миграция. Халықтың көбі қаланың маңына шоғырланған. Ол жерлерде үш ауысымды мектептердің саны көп. Биыл 1 сыныпқа 47 мыңнан астам бала барды. Жалпы бірінші сыныпқа баратын бала саны 47-50 мың аралығында. Сол үшін біз жыл сайын мектеп саламыз. Бір жылдары 34 мектеп салдық. Екіншісі, бала туу көрсеткіші артып жатыр. Жыл сайын өңірде 50 мыңдай нәресте өмірге келеді. Оқушылар саны жыл сайын 20 мыңға көбейеді. Сол үшін үш ауысымды мектептер шығып жатыр. Бұған арнайы бағдарлама бар, 2025 жылға дейін жасап қойдық», - деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Қазіргі уақытта республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға облыс көлемінде 28 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
«Оның 7-еуі мемлекеттік бағдарламаның арқасында салынып жатыр. 15 мектеп биыл ашылады, қалғандары келесі жылы қолданысқа беріледі. Мен өзім құрылысшымын. Бұрынғы мектептердің ең үлкені, сыйымдылығы - 1200 орындық еді. Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жаңа жобамен салынып жатқан 7 мектептің көлемі кең, 1500 орындық. Облыста осындай жұмыстар істеліп жатыр», - деді ол ОКҚ-дағы брифингте.