Павлодар облысында үш жол ақылы болады
Әзірге 10 аралық бақылау бекеті орнатылған
Маусым айынан бастап Павлодар облысында республикалық маңыздағы үш жол ақылы болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтем жасап.
Нақтырақ айтсақ, «Нұр-Сұлтан-Павлодар», «Павлодар-Ресей шекарасы» және «Павлодар-Семей» учаскелері. Қазіргі уақытта көлік құралдарының қозғалысын үздіксіз бақылайтын құрылғылар орнатылып, сынақ жүзінде іске қосылуда. Әзірге 10 аралық бақылау бекеті орнатылған.
Сала мамандарының пайымдауынша, ақылы жүйе инфрақұрылымды күтіп ұстау сапасы мен қауіпсіздік деңгейін арттыра түседі. Ал жол ақысын төлеудің 20 тәсілі қарастырылған. «Нұр-Сұлтан-Павлодар» жолына арналған тариф 410 теңгені құрайды. Яғни жеңіл көлік үшін бір шақырым 1 теңгені құрамақ. Республикалық жолдардың бойындағы елді мекен тұрғындары үшін жеңілдіктер қарастырылған.
Айта кетейік, ақылы тас жолдардың жалпы ұзындығы 742 шақырымды құрайды.
«Егер сіздің тұрғылықты ақылы жолдың іргесінде орналасқан болса, Қалқаман сияқты. Сіздің машинаңыз сол ауданда тіркелген болса, сіз міндетті түрде 1000 теңге төлеп, абонемент ала аласыз. Ол 365 күнге арналған. Жыл көлемінде сіз қай бағытта неше рет жүрсеңіз де бұл тегін болады», - деді инвестор Берік Хасенов.
«2020 жылы күтіп-ұстау жұмыстары бойынша 2 млрд теңге ақша жұмсалды. Соның ішінде Нұр-Сұлтан-Павлодар жолы ақылы жүйеге ауысқаннан кейін Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей, Павлодар-Омбы жолдары күтіп ұстау бойынша бюджеттен шешіледі де, өз-өзін қамтитын болады. Ал қалған жолдарға ақша көбірек қалатын болады», - деді «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдин.