ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Түркістанда жылыжайлардағы қызанақ пен бұрыштан қауіпті вирус табылды

Министрлік өкілдері көмек сұраған фермерлермен кездесу өткізді

 
Фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы саласының маусымы басталуына байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті карантиндегі өнімді, тұқымдық пен көшетті әкелу мен әкетуді бақылау, сондай-ақ қызанақ пен бұрыш өндірумен айналысатын шаруашылықтарды тексеру жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фитосанитариялық карантиндік бақылау нәтижесінде Түркістан облысының үш жылыжай шаруашылығында қызанақ пен бұрыштың қауіпті жоғары патогенді карантиндік вирус анықталды: қызанақтың қоңыр әжім вирусы (ToBRFV).

Вирус ПТР-талдаулар негізінде «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ Алматы аймақтық карантиндік зертханасы растады.

«Бұл вирус агрессивтілігімен және жылдам таратылуына байланысты жылыжай шаруашылықтарына өте қауіпті. Өңірде фитосанитарлық жағдай нашарлап кетпес үшін Түркістан облысының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары қызанақтарды қайта өңдеу және жою туралы нұсқама берді. Ошақтарда тиісті карантиндік іс-шаралар жүргізіледі», - делінген комитет хабарламасында.

Бұған дейін хабарланғандай, Комитет фитосанитариялық бақылау бекеттерінде өсімдіктер карантині бойынша бақылауды күшейтті. Биыл 4 айда ToBRFV жұқтырған көкөніс өнімдерін (Әзірбайжан – 17, Түркіменстан – 19, Иран – 6, ҚХР – 2, Түркия – 8, Өзбекстан – 24) әкелудің 76 фактісі анықталды. Барлық жүк экспорттаушы елдерге қайтарылып, тауар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысында қызанақ вирусының анықталуына байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасы бойынша өңірге жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін Министрліктің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы шұғыл жетті. Алмабек Марс шағымданып, көмек сұраған түркістандық фермерлермен кездесу өткізді. Жұмыс сапарының нәтижелері бойынша, Комитет тиісті шешім қабылдайтын болады.

Анықтама: ToBRFV - жабық топырақтағы көкөніс дақылдарының қауіпті патогені. Таралу жылдамдығы жоғары болғандықтан, соңғы екі жыл ішінде вирус Еуропа, Азия және Америка елдерінде анықталып, жабық және ашық жерлерде қызанақ өндірісіне үлкен зиян келтірген. Вирус жоғары патогенді және ұзақ уақыт бойы тұқымдар мен өсімдіктерде ғана емес, сонымен қатар инертті беттерде де өміршең болып қалады. Қызанақ пен бұрыш дақылдары вирустан 70%-ға дейін шығын болады.