ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 2,5 мың адамнан вирус анықталды

Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы үкім өзгеріссіз қалды

Бұрынғы министрдің қорғаушысы бұлтартпау шарасын ұзартпауды сұраған

Фото: Liter.kz

Нұр-Сұлтан қаласының соты бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісіне қатысты оның қорғаушысының жеке шағымын қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

14 мамыр күні Нұр-Сұлтан қалалық сотының қылмыстық істер бойынша сот коллегиясы Елжан Біртанов қорғаушыларының 6 мамырда қабылданған үйқамақ мерзімін 14 маусымға дейін, яғни 8 айға дейін созу туралы тергеу сотының қаулысына қатысты жеке шағымын қарады. 

Экс-министрдің қорғаушылары бұлтартпау шарасын ұзартудан бас тартуды сұраған.

«Коллегия тергеу сотының қаулысымен келісе отырып, оны өзгеріссіз қалдырды», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомство хабарламасында айтылғандай, Елжан Біртанов үшін үйқамақта болуға қатысты бұрынғы шарттар өзгеріссіз қалды. Сот бұрынғы министрдің қарт анасы мен кәмелетке толмаған үш баласы барын ескере отырып, айрықша қажет болған жағдайда оның сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін үйден шығуына рұқсат берді.

Аталған қаулы заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 3 қарашасында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Бұған дейін Елжан Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шаралары сот арқылы 2021 жылдың 14 мамырына дейін ұзартылғаны хабарланған еді.