ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Сарапшылар вакцина алғаннан кейін де маска тағып жүруге кеңес береді

Вакцина алған адам айналасындағылар үшін инфекция көзі болуы мүмкін

Вакцинаның екі компонентін де алған адам бір жарым айдан кейін сақтық шараларын сақтамай жүрсе, өзі ауырмаса да, басқаға инфекция жұқтыруы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сарапшылар мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Вакцина алған адам айналасындағылар үшін инфекция көзі болуы мүмкін, өйткені ол симптомсыз тасымалдаушы болып, COVID-19 вирусын таратуы мүмкін. Екпе жұтқыншақта вирустың болмауына кепіл бермейді, бірақ ауырмауға немесе аурудың жеңіл түрімен ауыруға себеп болады», - ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Лаззат Ералиева 

Бұл жайтқа қатысты ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл да ғылыми негіздемені алға тартты.

«Екі компонентті де еккізген науқас біраз уақыт SARS-CoV-2 вирусының тасымалдаушысы болуы мүмкін деген ғылыми дәлелдер бар. Вирустың популяцияда белсенді айналымы жүріп жатқан кезде инфекцияның кейіннен таралуын болдырмау үшін вакцинациядан кейін медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты ұсыныстар осыған негізделген. SARS-CoV-2 вирусының айналымы неғұрлым төмен болса, біз соғұрлым тез қалыпты өмірімізге ораламыз. Вирус айналымын төмендетуге не ықпал етеді? Әрине, халықты белсенді иммундау және індетке қарсы іс-шараларды сақтау», - деп түйіндеді сарапшы.