Алматыда алғаш рет құтқарушылар аллеясы ашылды
Алдағы уақытта құтқарушылардың ескерткіші тұрғызылмақ

Отан қорғаушы күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында Алматы қаласы Төтенше жағдай департаменті 600-ден астам ағаш отырғызды. Алматы гарнизонының тарихында алғаш рет ТЖД құтқарушыларына арналған аллея пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған мақсатқа жалпы аумағы 0,4 га учаске бөлінді. Құтқарушылар аллеясы Есентай өзені мен Мұқанов көшелерінің ортасында Бөгенбай батыр көшесінің бойында орналасқан. Аталған аумаққа Құтқарушылар күніне арнап ескертіш орнату жоспарланған.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында барлығы 100 түп ағаш пен 500 түп бұта отырғызылды. Аумақты негізінен жапырақты ағаштардың қызыл үйеңкі, шырша, сәндік жұмақ тәріздес түрлері мен сәндік бұталар безендіріп тұр. Скверде жаяу жүргіншілер жолы салынады, орындықтар қойылып, көгалдар отырғызылады, келушілерге барлық жағдайлар жасалатын болады.
Алдағы жылдары отырғызылған көшеттерді суарып қоректендіруге және профилактикалық өңдеулер жасау үшін кешенді күтім жүргізу қарастырылған.
«Біз жыл сайын әртүрлі бағыттағы экологиялық акцияларды қолдап отырамыз. Ағаш көшеттерін отырғызу шараларына қызметкерлер де көптеп қатысып, мекемеміз үшін жақсы дәстүр қалыптасты. Бүгінгі еккен талымыз- Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жауынгерлерге жасалған құрмет қана емес, қоршаған ортаны қорғауға да қосқан үлесіміз», - деді қалалық ТЖД бастығы Руслан Қасыбаев.
ТЖД бастығы Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 75-жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға құрмет көрсетілетінін де атап өтті.
«Ұлы Жеңіс туралы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады. Жеңіс туын алып берген ерлеріміз бен жеңіс қаруын қолдан жасап үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне үлкен құрметпен басымызды иеміз. Біздің ұйымдағы өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып зор құрметке ие болған, бүгінде мол тәжірибелерімен жас ұрпаққа үлгі болып отырған ардагерлерімізді де ерекше құттықтағым келеді», - деді Департамент басшысы.
Аллеяның салтанатты ашылуында соғыс ардагерлері мен тыл және азаматтық қорғау ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Аталған акцияға өртке қарсы қызмет көрсететін Алматы гарнизонының қызметкерлері қатысты. Ағаш отырғызу және акция өткізу барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды.
Эпидемиологиялық жағдай аясында азаматтық қорғау органдары біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметті жүзеге асыруды жалғастыруда.
Қала құтқарушылары орта есеппен жылына 3 мыңнан астам шақыртуларға барады, апат болған жерде 500-ден астам адам құтқарылады және 1000-нан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланады.
Төтенше жағдайларға күн сайын 279 адам, 81 бірлік техника, 2 авиаборт жедел ден қою үшін дайын тұр.