$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.04.2021, 17:50
Жаңалықтар

QazVac: отандық вакцинаны салдырған саясаткерлер мен лауазымды тұлғалар

Қазақстанда отандық вакцинаны салдырғандар қатары 9 мыңнан асады

QazVac: отандық вакцинаны салдырған саясаткерлер мен лауазымды тұлғалар
Коллаж

Қазақстанда коронавирусқа қарсы үш вакцина қолжетімді болады. Қазір елімізде «Спутник V» және отандық QazVac вакцинасын егу жүргізіліп жатыр. Енді оған БАӘ-де қытай технологиясымен өндірілетін Hayat-Vax вакцинасы қосылады.

«Спутник V» вакцинасы 1 ақпаннан бастап салынса, отандық QazVac екпесі 26 сәуірден бастап Қазақстан азаматтарына жаппай салына бастады.

Соңғы деректерге сенсек, бүгінде отандық вакцина 9 мыңнан астам қазақстандыққа салынған.

2020 жылдың наурыз айында қазақстандық ғалымдар вакцина әзірлеуге кіріскен болатын. 9 мамырда QazVac вакцинасы шығарылып, маусым айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы зерттеудің оң нәтижелерін мойындады. Шілдеде ғалымдар өздері әзірлеп шығарған отандық QazVac вакцинасын өздеріне сынап көрді.

Отандық ғалымдарға деген сенім білдіру, қолдау көрсету мақсатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин сияқты саясаткерлер QazVac вакцинасы жалпыға бірдей қолжетімді болған уақытқа дейін салдырды.

Асхат Аймағамбетов қазақстандық екпені клиналық сынақтарға дейінгі көрсеткен нәтижелерінен соң салдыруға шешім қабылдаған. Себебі, ол екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігіне көз жеткізген.

Ал, Ерлан Қарин вакцина сынағына қатысуға өзі бастамашы болған.

Бердібек Сапарбаев та коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салдыруға клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде келісім берген.

Ал, 26 сәуірден бастап отандық вакцина Қазақстан аумағындағы барлық азамат үшін қолжетімді. QazVac вакцинасын алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой салдырып, оны барша қазақстандықтарға тікелей эфирден көрсетті.

Отандық вакцинаға жүгінген тағы қандай лауазымды тұлғаларды білеміз?

Бүгін отандық вакцинаны Павлодар облысының әкімі Ержан Иманслям салдырды. Қала басшысы QazVac вакцинасын ерікті түрде таңдағанын және өзін толығымен жақсы сезінетінін айтты.

«Мен отандық QazVac вакцинасының алғашқы компонентін салдырдым. Аузым берік болғанына қарамастан өзімді жақсы сезініп тұрмын. Вакцинаның екінші компонентін 21 мамырда аламын. Отандық вакцинаны толық қолдау керек деп ойлаймын. Вакцина - коронавирустан қорғанудың жағыз жолы. Сол себепті, барлығын екпе алуға шақырамын», - деді қала әкімі.

Еске сала кетейік,  QazVac вакцинасын  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 2020 жылдың 15 мамырында кандидат вакцина ретінде тіркеген болатын. Биыл 22 cәуірде отандық вакцинаның алғашқы партиясы өңірлерге жөнелтілді. Тиісті ведомство өкілдері вакцина тиімділігі 96%-ды құрайтыны жайлы мәлімдеді.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары