ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Елбасы ҚХА сессиясында: «2025 жылы Қазақстан халқының саны 20 млн-нан асады»

Елбасы және Мемлекет басшысының қатысуымен ҚХА сессиясының жұмысы басталды

Фото: elbasy.kz

Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының XXIX сессиясы өтуде. Сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және онлайн форматта 600-ден астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында өңірлерден келген ҚХА мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.

Сессия аясында Елбасы еліміздің егемендік алған жылдарын еске алып, көпұлтты елімізде әрбір отандасымыздың барлық құқықтары теңдей қорғалғандығын атап өтті.

«1991 жылы еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Оның барлығын өзіміздің басымыздан өткердік. Енді міне биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. 30 жыл бұрын біздің көпұлтты еліміз бірлікте, бейбітшілік пен келісімде алға жылжудың тағы бір маңызды қадамын жасады. Ата заңымыз халқымыздың  ұлтына, сеніме мен тіліне қарамастан, барлық отандастарымыздың мүдделерін қорғауға бағытталған. Біздің Конституцияның 11-бабы мемлекетіміздің бірлігін, тыныштығы мен келісімін қорғауды және нығайтуды көздейді», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістеріне де тоқталып, ел экономикасының бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылғандығын алға тартты.

«Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіреді. Тәуелсіздік алған жылдан бастап жалпы ішкі өнім адам басына шаққанда 13 есеге өсті. КСРО тараған тұста Қазақстанда 1500 кәсіпорын өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. 2 млн қазақстандық жұмыссыз қалып, халықтың 47 пайызы кедейліктің төменгі деңгейінде өмір сүрді. Бүгінде жұмыссыздық 3 есеге қысқарды. 1993 жылы  елден 3 млн-ға жуық азамат кетіп, нәтижесінде қазақстандықтардың саны 14 млн адамды құрады. Алайда қазір халық саны 19 млн-ға жуықтап қалдық. Бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 20 млн-ға дейін жеткізуді тапсырдым. Менің ойымша біз одан да асып түсеміз. Сондай-ақ, егемендік алғалы азаматтардың табысы 9 есеге өсті. Тәуелсіздік жылдары Ұлттық экономикамызға 365 млрд доллар көлемінде шетелік инвестицияны тартты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан