Түркістандағы «Керуен-сарай» туристік кешенін салуға қанша қаражат жұмсалды?

Кешен құрылысы 2019 жылы бастылып, биыл сәуірде пайдалануға берілді

Түркістандағы «Керуен-сарай» туристік кешенін салуға қанша қаражат жұмсалды?

10 сәуірде Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешені ашылды. Әкімдіктің хабарлауынша, жаңадан ашылған көпфункционалды нысан - Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен.

Қазақстанның Даму банкі берген мәлімет бойынша, туристік кешенді салуға жалпы сомасы 87 млрд теңге қаражат жұмсалған. Оның ішінде, меншік иесі «Turkistan Silk Way Harbor» ЖШС-ның қатысуы - 47 миллиард теңге (Жалпы жоба құнының 54%-ы), Қазақстанның Даму банкінің қатысуы - 40 млрд теңге. Банк қаражаты есебінен кешеннің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар сатып алынған.

Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға DBK Equity Fund - Қазақстан тікелей инвестициялық қоры атсалысқан.

Кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында (20,5 га аумақта) орналасқан.

Туристік кешенде 70-тен астам сауда нүктелерін ашу жоспарлануда, бұл қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Sulpak, Magnum, Global Coffee, LCW, Europharma, Sandyk Restaurant, Coffee Boom, Evim, FLO, Salam Bro т.б. сияқты брендтермен жалға беру шарты мен алдын ала келісімдер жасалған.

Алдын ала болжам бойынша, туристік кешен алдағы 20 жыл ішінде бюджетке 18 миллиард теңгеден астам салық түсіреді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.