СҚО-да су тасқыны басталды
Сергеев су қоймасындағы су ернеуінен асып кетті
Солтүстік Қазастан облысында су тасқыны басталды. Сергеев су қоймасындағы су ернеуінен асып кетті. Жолдарды су басып, бірнеше елді мекен тұрғындарының қозғалысы шектелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Метеоролог мамандардың мәліметінше, өңірдегі барлық су қоймаларының деңгейі көтеріліп жатыр. Шал ақын ауданындағы Водопроводное ауылына апаратын көпір су астында қалған. Жаңажол ауылы тұрғындарының да қозғалысы шектелді.
Еріген қар суы Айыртау ауданындағы бір жолды басып, ауыларалық қатынауды қиындатқан. Әзірге тұрғын үйлер аман. Төтеншеліктер жағдайды сағат сайын қадағалап, қауіпті учаскелерді назарда ұстап отыр.
Айыртау ауданының Каменный брод, Казанка, Севдоловка ауылдарының маңындағы аудандық жолдың бір бөлігін су басты.
«Ауа температурасы жылынғандықтан қар тез еріп, шағын өзендер арнасынан асып, таси бастаған. Бабық бұрлық, Шарық, Иман бұрлық өзендерінің маңында арнайы әрекет ету топтары кезекшілік етеді. Сілеті су қоймасындағы су мөлшері асқандықтан кеше Уалиханов ауданына мамандар тобы жіберілді», - дейді СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Сәкен Ағзамов.
Сергеев су қоймасының деңгейі 1 сантиметрге арнасынан асқан. Сілеті өзені де тасығалы жатыр. Мамандар Уалиханов ауданымен қатар Үлкен Тораңғұл өзенін де бақылауға алған.
«Биылғы жылы су тасқынының қаупі өте жоғары. Өйткені қыста жер қабаты 150 см-ге қатып, қазір күн жылынғасын еріген сулар топыраққа сіңбейді. Ал Сергеев су қоймасындағы су 10 күннен кейін Петропавлға жетеді деп күтілуде», - дейді «ҚАЗГИДРОМЕТ» РММ СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.
Казгидромет мамандарының айтуынша, оған қоса, келесі аптада Ақмола облысындағы Қалқотан және Жабай өзендерінің сулары Сергеев су қоймасын одан әрі толтырмақ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО