ШұғылҚазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру бойынша 800-ге жуық жағдай тіркелді

Елімізде 447 шетел азаматы қылмыстық жазасын өтеп жатыр

Оның ең көбі Өзбекстаннан – 216 адам

Фото: ашық дереккөзден

Сенат «ТМД-ға мүше елдердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар бойынша конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасын қабылдады. Конвенцияның негізгі мақсаты – әр азаматқа өз жазасын, тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру.

«Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі, өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш  береді. Өтініш бойынша сол елдің Бас прокуратурасы сұрау салады. Сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі: сотталушының азаматтығы, оның жазбаша келісімі, сот шешімінің көшірмесі, мінездеме, келтірілген шығын туралы мәліметтер», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Ведомство басшысының сөзінше, жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет, белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Шешім қабылданған соң сотталған азамат 45 күннің ішінде, өз бетінше елден шығуы тиіс.

Ал егер бұл талап орындалмаса, жаазасын өтеуші тұлға заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады.

«Қазіргі уақытта елімізде 447 шетел азаматы пробацияда тұр. Өзбекстаннан 216, Ресейден 138, Қырғызстаннан 38, Армениядан 5 азамат. Ал өзге елдерде 280 Қазақстан азаматы жазаға тартылған. Ресейде 251, Өзбекстанда 24, Қырғызстанда 2 және Беларусьте 3 азамат», - деп қорытындылады сөзін Тұрғымбаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан