Елімізде теңіздегі құтқару тобының арнайы техникасы жоқ, мамандары тапшы – Сенат депутаты

Сүйіндік Алдашев Каспий теңізінің ластануына қарсы белсенді шаралар қабылдау керектігін айтты 

Елімізде теңіздегі құтқару тобының арнайы техникасы жоқ, мамандары тапшы – Сенат депутаты
Фото: ашық дереккөзден

Сенатор Сүйіндік Алдашев Каспий теңізінің ластануы мен ондағы жедел-құтқару тобының жұмысына қатысты Премьер-министрдің орынбасарына өзінің депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторында 15 млн тонна мұнай өндірілді, оның 2,2 млн тоннасы Ақтау порты арқылы тасымалданды. Одан басқа, 2020 жылы кемелер Ақтау және Құрық теңіз порттарына 1283 рет кірген, ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 2 есе артады деп күтілуде.

Сенат депутаты мұның бәрі Каспий теңізінің ластану қаупін арттыратындығын және осыған орай белсенді шаралар қабылдау керектігін айтты. Тиімді шешімдердің бірі – теңіздегі жедел-құтқару қызметін құру.

«Каспий теңізінің ластануының негізгі қатері өндіру және тасымалдау кезінде мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуі болып табылады. Сондықтан теңіз бетінің ластану аймағының ұлғаюына жол бермеу үшін мұнай дақтарын оқшаулау және жою үлкен ұйымдастырушылық, техникалық, технологиялық күш жігерді қажет етеді. Өкінішке орай, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, арнайы техникамен, материалдармен жарақталған, білікті және тәжірибелі мамандардың, құтқарушылардың жеткілікті саны бар бөлімше жоқ», - деп атап өтті Сүйіндік Алдашев.

Сенатордың айтуынша, мұндай қызметті құрудың тағы бір себебі - судағы техногендік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әлемдік тәжірибеде қолданылатын әдістер теңізден тыс аумақтағы іс-шаралардан түбегейлі ерекшеленеді. Ал елдің ТЖМ жүйесіндегі күштер мен құралдар, соның ішінде жедел-құтқару жасақтары ондай міндеттерді орындай алмайды.

Сенатор сондай-ақ, мұндай арнайы теңіз жедел-құтқару қызметтері Каспий маңындағы басқа елдерде, атап айтқанда Әзірбайжанда, Ресейде және Түркіменстанда құрылып, жұмыс істеп жатқанын айтты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.