$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.04.2021, 10:11
Жаңалықтар

Петропавлда құны 40 млн теңге тұратын автобустар сынақтан өтпей қалды

Қалада автобустардың 70 пайызы тозған

Петропавлда құны 40 млн теңге тұратын автобустар сынақтан өтпей қалды
Фото: ашық дереккөзден

Қаңтар айында Петропавл қаласына жаңа автобустар әкелінген еді. Халық игілігін көріп үлгермеген қоғамдық көліктер өндіруші зауытқа қайтарылды. Оған су жаңа техниканың сынақтан өтпей қалғаны себеп болған, деп хабарлайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ТАҒЫ 93 АВТОБУС САТЫП АЛЫНБАҚ

Ұзындығы 8,5 және 10,5 метрді құрайтын автобустардың құны 38- 42 млн теңге аралығында. «Yutong» маркілі көліктертер отандық «СарыАрқаАвтопром» зауытында шығарылған. Қала тұрғындары жаңа көліктердің игілігін көріп үлгермей, қалаішілік бағыттардан алынып тасталды. Шенеуніктер олардың сынақтан өтпей қалу себебін электрондық жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуімен түсіндірді.

«Көліктерді тесттен өткізу кезінде бірнеше техникалық ақау анықталды. Петропавлда оларды жөндейтін сервистік орталық жоқ. Қостанайдан мамандар шақырттық. Бірнеше мәрте хат жолданды. Олар жергілікті жерде жұмысты тындыра алмады. Сондықтан көліктерді кері қайтаруға тура келді. Негізінен бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі, атап айтар болсақ, жанармай шығынын бақылау, жолаушылар санын қадағалау датчиктері жұмыс істемейді. Талапқа сай барлығы жөнделеді. Қазіргі уақытта «СарыАрқаАвтопроммен» келісім жасалып, келісім жасалған, жуық арада тиісті қаржы аударылады. Тағы да 93 автобус әкелінеді», - дейді Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Ілиясов.

Автобустардың сынақтан өтпей қалып, бірнеше ақау анықталғанына қарамастан жергілікті әкімдік өндіруші зауытпен 4 млрд теңгеден астам сомаға тағы 93 автобус сатып алу жөнінде келісімшартты өзгертпеген. Тауар жыл соңына дейін бірнеше партиямен Петропавлға жеткізілмек. Ал тасымалдаушылар жаңа автобустарды сатып алуға құлықсыздық танытып отыр.

«Автобустардың бағасы қымбат. 40 млн теңге – салмақты сома. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың барлығы оны сатып алуға дайын емес. Егер әкімдік субсидяламаса, кәсіпкерлер автобус паркін өздері жаңалай алмайды. Жаңа автобустар сатып алынса, жол жүру ақысының құнын 80 теңгеден 200-ге дейін көтеруге тура келеді. Бағаны ұстап тұру үшін жергілікті атқарушы орган субсидия бөлуі қажет», - дейді «СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы Галина Семенова.

Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері қалаішілік қоғамдық көлікте жол жүру құнының өспейтіндігін жеткізді.

«Автобус паркі жаңалауды талап етеді. Бұл салада бәсекеге қабілетті, жаңа автобустарды сатып алуға қауқарлы компаниялар ғана қалмақ. Басқа қалалардан да мердігерлер келуі ықтимал. Оны уақыт көрсетеді. Бұдан былай ескі техника иелері жұмыс істей алмайды», - дейді Бақыт Ілиясов.

АВТОБУСТАРДЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ТОЗҒАН

Бүгінгі күні Петропавл жолдарында жүрген автобустардың 70 пайызының тозығы жеткен. Жолаушылар тасымалы саласында қызмет көрсетіп отырған мердігерлер жұмысына сын көп. Автобустар уақытында келмейді, іші лас әрі суық. Қоғамдық көлік қызметіне қатысты тұрғындардың шағымы көп.

«Автобуспен күніне бірнеше мәрте жүремін. Жағдайлары сын көтермейді. Басым көпшілігі әбден тозған. Жұмыс орным үйден біраз алыста орналасқан. «Қояндардың» едені темір. Үстінде ештеңе жоқ. Қыста мұз қатып, тайғақ болады, құлап қала жаздайсың. Аяқты қариды. Діттеген жеріңе әбден тоңып жетесің. Бағыттарда автобустар көбейтілсе жақсы болар еді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айсұлу Жақымова.

Автобустарда әлеуметтік ара- қашықтық пен карантиндік талаптар туралы айтудың өзі қиын. Саны аз болғандықтан, дер кезінде келмейді. Сондықтан халық көп жиналады. 

«Кісі көп болады, тұратын жер жоқ. Баратын жерге сығылысып жетеміз. Сондықтан кішкене үлкенірек автобустар керек. Әсіресе таңғы сағат 9-ға қарай кісі көп болады, бәріне жұмысқа, мектепке, балабақшаға бару керек. Үлкенірек автобустар болса игі еді. Кей бағыттарда адам тіпті көп болатынын байқаумын. Өзім 9 және 5 маршрутпен жүремін. Суық. Күніне 4 рет қоғамдық көлік қызметін пайдаланамын. Кейді автобус іші тіпті лас болады», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әділхан Айтмен.

Бұған дейін халыққа қызмет көрсетіп келген 360 автобустың 190-ы ғана қалған. Техниканың көбі мүлде істен шығып қалған. Қызмет ету мерзімі аяқталған техника утилизацияға жіберілмек.

«Тасымалдаушылардың барлығы қызметін жалғастыра алмайды. Бұл Петропавлда ғана емес, басқа өңірлерде де болып жатқан жағдай. Көліктер жаңалауды талап етеді. Бірақ кәсіпкерлердің барлығы оны көтере алмайді. Және бұл біз үшін көп көлем», - дейді Галина Семенова.

Петропавл қаласында бүгінгі күні барлығы 22 бағыт бар. Жол жүру билетінің құны әзірге 80 теңге. Қоғамдық көліктердің жаңа партиясы келіп, екінші рет сынақтан өткенше жолаушыларға тағы да біраз қысыла тұруға тура келеді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары