Қазақстанның бас санитар дәрігері карантин туралы жаңа қаулыға қол қойды
1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушыларына аралас оқыту қайта басталады
Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
2021 жылдың 1 наурызынан бастап жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін қоса алғанда аралас оқыту қайта басталады.
Оқу бітіретін 9, 11, 12-сыныптарды аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға рұқсат етіледі. Пәндердің 70 пайызы штаттық режимде, 30 пайызы қашықтан оқыту форматына көшеді. Сыныпта 15 адамнан артық адам болмауы керек. 1 сынып - 1 кабинет қағидаты бойынша, бір уақытта мектепте адам саны 30 пайыздан аспай, санитариялық-дезинфекциялық, маска режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтауы қажет.
Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілді. Оның ішінде колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін екінші семестрден бастап штаттық режимде оқуға болады.
Қаулы 2021 жылы 1 наурызда 00.00-ден бастап күшіне енеді.
Қаулының толық мәтінін мына жерден оқи аласыз.