«Ақша жоқ»: БҚО-да 24 елдімекен сусыз қалады
Тұрғындарды ауызсудан ажырату 2 желтоқсаннан басталады
Бөкейорда және Бәйтерек аудандарына қарасты елдімекендерде су беру тоқтатылатыны жайлы ақпарат WhatsApp-мессенджері арқылы тарап кеткен. Себеп – «Қазсушар» РМК тарапынан қаржыландырудың тоқтауы деп жазады «Мой ГОРОД» порталы.
Аталған хабарламада көрсетілгендей, Круглозерное, Серебряково, Меловые горки, Переметное, Калиникское, Щапово, Үлкен Шаған, Күшім, Озерное, Забродино, Қаражар, Зеленое, Новенький, Белес, Ақжол, Жәрмеңке, Сайхин, Мәмбет, Мұратсай, Әжен ауылдары судан ажыратылады.
«Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары Талғат Қажығалиев аталған ақпаратты растап отыр.
«Субсидия бойынша қаржыландырудың тоқтауына байланысты біздің филиалда қаражат тапшылығы туындап, тамыз-қараша айларының шығынын жаба алмай отырмыз. Әзірге 24 ауылдың тұрғындарына су сағаттап беріледі. Біз барлық ауылдың әкімдерін алдын ала ескерттік», - деді Т.Қажығалиев.
Айта кетейік, шығынды өтеу үшін «Қазсушар» мекемесіне 149 миллион теңге қажет. БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі аталған жайтқа қатысты ақпаратты жақын уақытта беретінін айтты.