$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.01.2021, 10:10
Жаңалықтар

Қырғызстанда президент сайлау мен референдум өтіп жатыр

Сайлауға республика мен шетел бойынша 3,5 миллион азамат қатысады

Қырғызстанда президент сайлау мен референдум өтіп жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Қырғызстанда мерзімінен бұрын Президент сайлауы мен елде басқару түрін таңдау мәселесі бойынша референдум өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ел халқы президенттік сайлауға қатысып отырған саясаткер, шенеунік, бизнесмен сияқты 17 үміткердің арасынан біреуіне таңдау жасамақ. Сайлауда республика мен шетел бойынша 3,5 миллион азамат дауыс береді.  

Дауыс беру тәртібі бойынша азаматтарға екі бюллетеннен беріледі. Бірінде президенттікке үміткерге дауыс берсе, екіншісінде мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты таңдау жасалады.

Дауыс беру барысын әлемнің 44 елінен келген 315 бақылаушы қадағалайды.

«Республика бойынша 2462 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Тағы 42 учаске шетелде ашылды», - деп мәлімдеді Республикадағы сайлау және референдумдарды өткізуге жауапты Орталық сайлау комиссиясының өкілдері.

Жалпы, дауыс беру нәтижелері Орталық сайлау комиссиясына онлайн режимде түсіп отырады. Сайлау учаскелерінің бәрі бір жүйеге қосылған. Дауыс беру үшін қойылған арнайы жәшікке түскен әр бюллетень тіркеуге алынып отырады. Дегенмен, сайлау қорытындысы қолмен жүргізілген санақтан кейін жарияланады.

«Сайлау барлық учаскелерде COVID-19-ға қарсы санитариялық-эпидемиологиялық шаралар сақтала отырып өтетін болады. Дауыс берушілердің бәрі медициналық маскамен және санитайзермен қамтамасыз етіледі. Әр бірнеше сағат сайын ғимараттарға зарарсыздандыру жұмыстары жүрізіледі. Сондай-ақ, учаскелердегі сайлау комиссиясы дауыс беруге келгендердің арақашықтықты қатаң сақтауын қадағалайды», - деді ОСК өкілдері.

Сонымен қатар елді басқару формасын анықтау бойынша өтетін референдумда азаматтар «президенттік» басқару формасы, «парламенттік» басқару формасы және «барлығына қарсымын» деген үш нұсқаның бірін таңдауы тиіс. Егер сайлаушылардың 30 пайызы қатысса және дауыс берушілердің басым көпшілігі «барлығына қарсымын» деген нұсқаны таңдамаса, референдум нәтижесі заңды түрде мойындалады.

Айта кетерлігі, мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың қорытындысы 15 күн ішінде шығарылады. Ал референдум қорытындысы 35 күн ішінде белгілі болмақ.

Еске салсақ, Қырғызстанда 2020 жылдың қазан айында өткен Парламент сайлауының соңы сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап еткендердің жаппай митингісіне ұласып кеткен болатын. ОСК ол сайлауды заңсыз деп тануға, ал президент Сооронбай Жээнбеков 2020 жылы 15 қазанда отставкаға кетуге мәжбүр болды.   

 
 
 
Серіктес жаңалықтары