10 қаңтарда өтетін сайлауға 276 халықаралық бақылаушы акредиттелді

Бүгін Орталық сайлау коммиссиясының отырысы өтті

10 қаңтарда өтетін сайлауға 276 халықаралық бақылаушы акредиттелді
Көрнекі фото: sputniknews.kz

Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтарда өтетін сайлауға 276 халықаралық бақылаушы акредиттелгенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Саяси партиялардың өкілдері, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиялары, бейнеконференцбайланыс режимінде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшылары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында әрбір азамат тиісті сайлау комиссияларының үй-жайларындағы сайлаушылар тізімдеріндегі өзі туралы деректерді тексеруге құқылы екені хабарланды.

«Азаматтар тізімге енгізілмегені, дұрыс енгізілмегені немесе тізімнен шығарылып тасталғаны, сондай-ақ тізімдердегі сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жіберілгені үшін шағымдана алады. Сайлаушылар тізімдеріне енгізу, олардан шығару не сайлаушылар тізімдеріне түзетулер енгізу қажеттігі туралы арыздарды тиісті сайлау комиссиясы арыз келіп түскен күні қарайды. Арызданушы үшін дұрыс шешім қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар тізіміне түзетуді немесе енгізілмеген сайлаушыны тізімге енгізуді дереу жүргізеді. Өтініш қабылданбаған жағдайда сайлау комиссиясы өтініш берушіге оның өтінішін қабылдамау туралы дәлелді шешімнің көшірмесін кешіктірмей береді. Шешімге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиісті сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізуге тыйым салынады», - деді Петров. 

Ал Анастасия Щегорцова 22 қазанда - сайлауды халықаралық бақылау институты ашылған сәттен бастап ҚР Орталық сайлау комиссиясына 4 халықаралық ұйымынан және 5 мемлекеттен 86 байқаушы аккредиттелетінін айтты.  

«2020 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша, Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге 4 халықаралық ұйымнан және 14 шет мемлекеттен тағы 190 байқаушының кандидатурасы ұсынылды. 4 халықаралық ұйымнан 167 байқаушының кандидатурасы ұсынылды: ТМД – дағы байқаушылар Миссиясының құрамында – 142 байқаушы; ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрамында – 9 байқаушы; ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі шектеулі Миссиясында – 2 байқаушы; ШЫҰ-дан бақылаушылар Миссиясында-14 байқаушы бар. 14 шет мемлекеттен аккредиттеуге 23 үміткер ұсынылды, оның ішінде: 6 шет мемлекеттен-1 байқаушыдан (Әзірбайжан Республикасы, Мажарстан, Испания Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Ресей Федерациясы, Француз Республикасы); 7 шет мемлекеттен – 2 байқаушыдан; (Армения Республикасы, Индонезия Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрік Республикасы, Үндістан Республикасы, Филиппин Республикасы, Швейцария Конфедерациясы); Румыниядан - 3 байқаушыдан», - деп мәлім етті Анастасия Щегорцова. 

А.Щегорцованың баяндамасының қорытындысы бойынша Ортсайлауком мүшелері халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылдады. Осылайша, 2020 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 276 халықаралық байқаушы аккредиттелді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.