Қызылжарлық «Зенченко және К» жетінші сүт фермасын іске қосты
Келер жылы Солтүстік Қазақстанда тауарлы сүт фермаларының саны 21-ге жеткізілмек
Солтүстікқазақстандық «Зенченко және К» командиттік серіктестігі кезекті тауарлы сүт фермасын іске қосты. Жаңа кешен Аққайың ауданының Ленинское ауылында орналасқан. Шаруашылықта әзірге 450 бас сиыр бар. Кәсіпорын басшылығы екі жылда бұл межені 1400 ірі-қараға жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БІР СИЫР ТӘУЛІГІНЕ 30 ЛИТР СҮТ БЕРЕДІ
Тауарлы сүт фермасы заманға сай техникамен жабдықталған. Негізінен, симментал тұқымды сиырлар өсіріледі. Асыл тұқымды малдың біреуі тәулігіне орта есеппен, 30 литр сүт береді.
«Сиырлар жазда Германиядан әкелінген болатын. Оларға тек сапасы жоғары жем беріледі. Оны өзім қадағалаймын. Фермадағы малды тәулігіне үш рет жайлаймыз. Қондырғылар Италиядан, Израиль мен Ресейден жеткізілді. Заманға сай техника жұмысты әлдеқайда жеңілдетеді. Бәрі автоматтандырылған. Есесіне, өнімділік артады. Бүгінгі заманда қуатты техниканың көмегімен жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге болады. Әрине, бастысы – еңбек. Адам жұмыс істемесе, ештеңе өнбейді», - дейді Аққайың ауданындағы «Иван Зенченко» ЖШС мал өсіру кешенінің меңгерушісі Сергей Лысенко.
ЖЕТІНШІ ФЕРМА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Сүт тауарлы ферманың іргетасы үстіміздегі жылдың мамыр айында қаланған болатын. Ірі инвестициялық жобаның құрылысы 1 миллиард 200 миллион теңгеге бағаланды. Кешен 2100 бас малға арналған. Әзірге 75 пайызы бос тұр. Шаруашылық басшылығы алдағы екі жылда оны толық қуатына жеткізбек.
«Біз аса ірі фермалар салмаймыз. Оның бірнеше себебі бар. Біз оларды түрлі елдімекендерге бөліп тастадық. Соның арқасында ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Шаруашылық кешені ашылған жерде тұрғындар үшін жұмыс болады. Біз үшін де кадр проблемасы шешімін табады. Әр кешенде 25-30 адам еңбек етеді. Қызметкерлер үшін оңтайлы жұмыс кестесін құрдық. Үш ауысымда жұмыс істеп жатыр. Аптасына 40 сағаттық еңбекте айына орта есеппен, 160-170 мың теңге жалақы алады. Біздің кешенде қызметкерлер отбасымен жұмыс істейді. Демек, жанұялық табысы жақсы. Және малды осындай фермаларға бөліп ұстау арқылы жұқпалы аурулар бола қалса, оның жаппай таралуының алдын аламыз. Осымен 7-ші кешенді іске қосып отырмыз. Жұмыс әрине, мұнымен тоқтамайды. Кәсіп үздіксіз дамуы тиіс. Өткен жылы шаруашылықтағы мал басы 8700 болса, биыл 11 мыңға жетті», - дейді «Иван Зенченко» ЖШС директоры Иван Зенченко.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалынан алынған несиенің 650 миллион теңгесі асыл тұқымды сиырларды сатып алуға жұмсалған. Мұнда әрқайсысы 400 бас ірі қараға арналған 5 кешен бар. Осылайша, жоба аясында ауылдың 35 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 30 мың тонна сүт сауылатын болады.
«Біздің компания шығаратын сүт – таза табиғи өнім. Ең бастысы, тұтынушыларымыздың көңілінен шығады. Осының арқасында өніміміз елімізде кеңінен танымал. Республикалық байқау, көрмелерде талай жоғары марапатқа ие болдық. Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Тек мамандар жетіспейді. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын қуатты техника толтырып отыр. Бізде оның 85 пайызы жаңаланған. Қазір мың сиырға 4 сауыншы жетеді. Оны сапалы өңдеуден өткіземіз. Қаймақ, май, сүт, ірімшік, айран. Біздің өнім Солтүстік Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы сұранысты жауып отыр. Ең бастысы, сүтті сауудан бастап, тұтынушы қолына тигенге дейінгі процесті өзіміз қадағалап, жүзеге асырып отырмыз. Бүгінгі күні бір минут аялдауға болмайды. Тоқтасаң, бәсекелестерің басып озады. Сондықтан үздіксіз еңбектенеміз. Мақсатым – әкем сынды өмірде соңымнан өшпес із қалдыру», - дейді Иван Зенченко.
СҮТ ФЕРМАЛАРЫНЫҢ САНЫ 2,5 ЕСЕ КӨБЕЙМЕК
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі жылда 7 ферма іске қосылған. Алдағы уақытта тағы да 11 сүт-тауарлы кешен салынбақ.
«Тауарлы сүт фермаларында шыққан өнім қашан да жоғары сұранысқа ие. Мемлекет тарапынан бұл мақсатқа 3 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Біз үстіміздегі жылы сүт фермаларының құрылысы бойынша жұмыс ауқымын кеңейттік. Нәтижесінде, жыл басынан сүт өндірісінің көлемі 5,4 пайызға артты. 2020 жылдың соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында 5 тауарлы сүт фермасын ашу жоспарда бар. Одан бөлек, тағы да 11 ферма құрылысы жүріп жатыр. Ал «Иван Зенченко» ЖШС жаңа сүт фермасы сандық технологиялармен жабдықталған. Биыл Қазақстанда жиырма ферма ашылса, оның бесеуі теріскейге тиесілі. Біздің топырақ құнарлы. Ауыл шаруашылығымен айналысу үшін таптырмас мүмкіндік бар», - деді ферма жұмысымен танысқан СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Келер жылы Солтүстік Қазақстанда тауарлы сүт фермаларының саны 21-ге жеткізілмек. Жылына 50 мың тоннадан астам сүт өндіріліп, жүздеген ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс орнымен қамту жоспарланып отыр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО