$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2020, 14:02
Жаңалықтар

Дәрігерлер Көкшетаудағы газ жарылысынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

20 желтоқсанда Васильков шағынауданындағы үйлердің бірінде тұрмыстық газ жарылды

Дәрігерлер Көкшетаудағы газ жарылысынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Көкшетауда тұрмыстық газ жарылып, сегіз адам зардап шекті. Оның алтауы - балалар. Қазіргі уақытта дәрігерлердің айтуынша, олардың үшеуі жансақтау бөлімінде, екеуінің жағдайы өте ауыр.

Өрттен жарақаттанған 11 адамның сегізі ауруханаға жатқызылған. Ерлі-зайыпты екі адам облыстық көпбейінді ауруханаға, алты бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Қалған үшеуі ауруханаға жатудан бас тартқан.

Кішкентей емделушілердің жағдайын көпбейінді облыстық аурухана дәрігерлерінен білдік. Үш бала интенсивті терапия бөліміне жатқызылса, тағы үшеуі хирургиялық бөлімге орналастырылған. Балалардың барлығы - екі отбасының мүшелері.

«Әкпелі-сіңлілі екі қыздың жағдайы аса ауыр. 16 жастағы қыз баланың денесінің 51 пайызын, 14 жастағы сіңлісінің денесінің 25 пайызын күйік шалыпты. Тағы екі қыздың жағдайы ауыр, сыртқы терісінің 20 және 18 пайызы күйген. Олар басқа отбасынан әрі бір отбасының қыздары екені анықталды. Барлық аса ауыр және ауыр жағдайдағы емделушілер ІІІ дәрежелі күйіктік шок жағдайында түсті», - дейді көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жанар Әубәкірова.

Дәрігерлер балалардың жағдайы туралы болжам жасаудан бас тартты.

«Қазір тек алғашқы тәулік қана өтіп жатыр. Балалардың өмірін құтқара аламыз деп кесіп айту аса қиын. Барлық алты бала да хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр», - деді аурухананың бас дәрігері.

Естеріңізге сала кетсек, 20 желтоқсан кешкі сағат ондар шамасында Көкшетау қаласының Васильков шағынауданында тұрмыстық газ жарылды. Газ баллоны жарылған пәтерде екі отбасы тұрып жатқан. Үй иесі көшеден бес литрлік тұрмыстық газ баллонын әкелген, дәл сол баллон қайғылы жағдайға себепші болған. Үй иесінің газ баллонын не үшін әкелгені қазір анықталып жатыр. Өйткені бұл үй орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған. Бұл сұраққа облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев жауап берген жоқ.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары