Көкшетауда газ баллоны жарылып, 11 адам құтқарылды
6 бала ауруханаға жеткізілді
Көкшетауда тұрмыстық газ жарылып, 11 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлиге сілтеме жасап.
«Көкшетау қаласында Васильковский мөлтек ауданындағы көпқабатты үйде бірінші қабатта газ баллоны жарылды. Өрт шыққан жоқ. Өрт сөндірушілер келгенге дейін көршілер мен куәгерлер алты бала мен екі ересек адамды құтқарды. Алдын ала ақпарат бойынша пәтерде екі отбасы тұрған. Пәтер иесі көшеден төрт литрлік газ баллонын алып келген», - деп жазылған ақпаратта.
Айта кету керек, көпқабатты үй орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесіне қосылған. Үй иесінің неліктен газ баллонды пәтерге кіргізгені анықталып жатыр. Зардап шеккен балалар шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жедел жәрдем көлігінде екі ересек адам облыстық ауруханаға жеткізілді.